Өңірлер қысқы мал азығына дайын ба?

763

Шөп қоры бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр.

Өңірлер қысқы мал азығына дайын ба? Фото: inbusiness.kz

Ауыл шаруашылығы министрлігінде жемшөппен қамтамасыз ету және жедел әрекет етуді үйлестіру жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Жергілікті атқарушы органдардың жедел деректеріне сәйкес республика бойынша шөп дайындау 20,7 млн тоннаны немесе жоспарланған көлемнің 82,7%-н құрады.

"Шөп қоры бойынша Түркістан (100,9%), Қостанай (100,0%), Жамбыл (97,2%), Солтүстік Қазақстан (93,1%) және Ақмола (92,7%) облыстары көш бастап тұр.

Республикалық деңгейден едәуір төмен көрсеткіштер Павлодар (38,1%), Шығыс Қазақстан (57,2%), Атырау (57,9%), Батыс Қазақстан (58,8%) және Абай облыстарында сақталып отыр", - деп жазды АШМ-нан.

Вице-министр Алматы, Атырау, Қарағанды, Павлодар және Ұлытау облыстары әкімдіктерінің жыл басынан бері жемшөп дайындауды субсидиялауға қарастырылған 11,7 млрд теңге субсидия көлеміне қосымша 10,1 млрд теңге бөлетінін хабарлады.

Облыс әкімдіктеріне қыстайтын жерлерге жем дайындау және тасымалдау жұмыстарын жандандыруды, сондай-ақ, жеке қосалқы шаруашылықтарды азықпен қамтамасыз етуді бақылауда ұстау, бұл ретте бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.

Сонымен қатар, фермерлерді жемшөп дайындау жұмыстары кезінде жеңілдікті дизель отынымен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Ұлытау облысының әкімдігіне жем дайындауға бөлінген арзандатылған дизель отынының көлемін төлеу және іріктеу жөнінде қажетті шаралар қабылдау жүктелді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу