Мәжіліс "Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы" заң жобасын қабылдап, құжатты Парламент Сенатының қарауына жіберді.
Құжаттың міндеті - әлеуметтік желіде болып жататын буллинг, азаматтарды қорлау тәрізді келеңсіз фактілерден, қаржы пирамидаларынан Қазақстанның азаматтарын қорғай отырып, елімізде саяси сепаратизм мен экстремизмнің алдын алу.
Заң жобасы онлайн-платформалардың жұмысын Қазақстан Республикасының заң аясында жүйелендіріп, әлеуметтік желі қолданушыларды еліміздің әлеуметтік-экономикалық айналымына енгізе отырып, осы саланы мемлекеттік реттеудің негіздерін қалыптастырады.
Жалған ақпаратты орналастыратын немесе тарататын онлайн- платформаларды пайдаланушылар үшін – 20 АЕК, ал кәсіпкерлік қызметпен айналысатын блогерлер үшін 40 АЕК мөлшерінде әкімшілік жауаптылық енгізіледі.
Еске салайық, аталмыш заң жобасы 7 маусымда Мәжілістің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданған болатын.