Ал прокуратура Оңтүстік Кореяның президенті Юн Сок Ёльға көтеріліске шықты деп ресми айып тақты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Yonhap агенттігіне сілтеме жасап.
23 қаңтарда прокуратура президентті қамауда ұстау мерзімін ұзарту туралы өтінішпен сотқа жүгінген. Сот құқық қорғау органының қамауға алу мерзімін ұзарту туралы өтінішінен екі рет бас тартқан.
– Прокурорлар көтерілістің жетекшісі деп айыпталған Юн Сок Ёльға айып тағу туралы шешім қабылдады, – деді демократиялық партия өкілі Хан Мин Мин.
Айта кетейік, құқық қорғау органдары Оңтүстік Корея президенті бүлік шығарды деп айыптаған. Сондай-ақ, парламент оған импичмент жариялап, биліктен шеттеткен еді Бүгінде президенттің міндетін атқарушы қызметіне Хан Дук Су тағайындалған.
Юн Сок Ёльдің адвокаттары тергеушілердің оны қамауға алуына негіз жоқ екенін айтумен болды. Өйткені, конституция президентке әскери жағдай жариялауға мүмкіндік береді.
Оңтүстік Корея президенті 15 қаңтарда ақыры қамауға алынған болатын.
– Сәрсенбі күні тергеушілер Президент Юн Сок Ёльді резиденциясынан ұстады. Тиісті бұйрық таңғы сағат 10:33-те орындалды. Одан жауап алу үшін алып кетті, – делінген хабарламада.
Еске салайық, 3 желтоқсанда Юн Сок Ёль өз елінде әскери жағдай жариялаған еді, десе де арада бірнеше сағат өткен соң парламент бұл шешімнің күшін жойды.