"Орал қаласына 12 сағат жүріп баратын аудандар бар"

1017

БҚО-ның Казталов, Жәнібек және Бөкейорда аудандарының тұрғындары облыс орталығына баратын жолда 12-14 сағатын өткізеді. Оның басты себебі – көлік жолдарының нашарлығы. Әсіресе көктемгі-күзгі мезгілдерді мұндай жолмен жүру қиынға соғады. Бұл туралы сенатор Нариман Төреғалиев премьер-министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында айтты.

"Орал қаласына 12 сағат жүріп баратын аудандар бар"

Депутат президенттің 2019 жылы бұл мәселені шешуді тапсырғанымен, оның әлі орындалмағанына назар аударды. Бұл мәселені жуырда облысқа жұмыс сапары барысында тұрғындар көтергенін айтты.

"2019 жылы "Казталов-Жәнібек-Ресей Федерациясы" шекарасына дейін 145 км және "Бисен-Өнеге-Сайхын" жолы - 103 км барлығы 248 км жол учаскелерінің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылыс жұмысын жүргізетін төрт мердігер компания анықталған болатын. Жобалардын құны 57 млрд теңге. Жобаларды іске асыру мерзімі қыс айларын қоспағанда  21 айдан - 23 айға дейін белгіленді. Өкінішке қарай, жоспарлағандай болмай шықты, үш жылда не бәрі 248 км жолдың 55 км ғана жасалды, бұлай жалғаса беретін болса аталған жол учаскелерін бітіру үшін кемінде төрт-бес жыл керек", - деді депутат.

Сенатордың айтуынша, жол құрылысының уақытылы аяқталмауына бірнеше факторлар кері әсерін тигізіп отыр. Бұл жыл сайын толық қаржыландырудың жоқтығы, құрылыс материалдары құнының күрт өсуі, инертті материалдармен қамтамасыз етудегі қиындықтар, дәлірек айтқанда жүк вагондарының тапшылығы. Мәселен, 2021 жылы облысқа қажетті мөлшердегі қиыршық тасты тасымалдау үшін айына 600 вагон жеткізу қажет болса, оның 12 пайызы ғана жеткізілген.

"Аталған жоспарға Қазақстан Темір жолы акционерлік қоғамы мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне құрылыс материалдарын Ақтөбе облысынан  жеткізу үшін вагондармен қамтамасыз етуді тапсыру, егерде бұл мәселе шешімін таппайтын болса көрші Ресей Федерациясынан өңірге қажетті құрылыс материалдарын тасымалдауға арнайы рұқсат беруіңізді сұраймыз", - деді сенатор.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу