Оралда депутаттың баласы күдікті ретінде ұсталды

653

Оның қайығынан марқұмның шашы мен қан іздері табылған.

Оралда депутаттың баласы күдікті ретінде ұсталды

БҚО-да Шаған өзенінде кеме басып кетіп, қаза тапқан Екатерина Ананьева жайлы бұған дейін жазған болатынбыз. 5 тамыз күні оқиғаға қатысы бар катерді басқарды деген күдікпен "Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы" ЖШС басшысы және Батыс Қазақстан облысы мәслихатының депутаты Валерий Крыловтың 17 жасар баласы ұсталды. 

БҚО полиция департаменті бұл мәселеге байланысты ресми түсініктеме беруге уәде еткенмен, БАҚ-тарда әлі еш ақпарат жарияланбады. Дегенмен, қайтыс болған әйелдің туысы Людмила Еркеналиева тергеу айғақтарымен бөлісуде.

Сонымен, белгілі болғандай, оқиға болған 6 маусым күні кешке кіші Крылов Орал кәсіпкерінің қызы Едаменкомен бірге моторлы қайықпен Шаған өзені арқылы қалалық демалыс саябағына барады. Онда өздерінің қатар-құрбыларымен жолыққаннан кейін қайтып келе жатып, суға шомылып жүрген Екатеринаны басып кетеді. Катер жылдамдығының күштілігі соншалық, әйелдің кейбір дене бөлшектерін жұлып кеткен, кейін олар табылмағандықтан марқұм сол күйі жерленеді. Ал моторлы қайық сол жүйткіген күйінде көзден таса болған. 

Екатерина Ананьеваның туыстары осы ретте тергеуші Руслан Қисанбаев пен жедел уәкіл Кенжебек Ешеновке алғыс айтады. Себебі, қылмыстық іс осы қызметкерлер келгеннен кейін жедел қарқын алып, қозғала бастаған. Бұған дейінгі тергеуші күйеуінің Крыловтардың адвокатымен бірге жұмыс істейтіні анықталған соң шеттетіліпті. 

Сөйтіп, жасөспірімді тұтқындауға оның қайығының корпусынан Ананьеваның қан іздерінің, моторынан шашының табылуы, оның оқиға болған кезде басқа жерде болғаны жөніндегі құжаттардың жалған болуы сияқты айғақтар себеп болған. Бұдан бөлек, тағы бір жасөспірім мен екі куәгер де қылмысты жасыруға қатысқаны үшін жауапқа тартылуы мүмкін. Оқиғаға куә болған екі жас қайғылы жағдай кезінде жағада болған.

Обалы нешік, Ананьеваның құрбысы жанұшыра айқайлағанда олар көмекке келіп, суға кеткен адамды алып шықпақ болады. Бірақ, қанға боялған өлі денені көргенде алды-артына қарамай, тырағайлап тұра қашқан.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу