Оралда қаза тапқан құтқарушыларға арналған аллея ашылды

181

Аллеяда Жарқын Фазылов, Ақан Нұрғалиев, Жангелді Сисеналиев пен Ерлан Нұғмановтың есімі ұлықталды.  

Оралда қаза тапқан құтқарушыларға арналған аллея ашылды Фото: ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі телеграм

Орал қаласында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға арналған Құтқарушылар аллеясы ашылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Салтанатты рәсімге Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, ТЖД қызметкерлері мен ардагерлері, қаза тапқан құтқарушылардың туыстары және қала тұрғындары қатысты.

Аллея Жарқын Фазылов, Ақан Нұрғалиев, Жангелді Сисеналиев және Ерлан Нұғмановтың рухына тағзым ету мақсатында салынған. Рәсімге қатысушылар мемориалға гүл қойып, қаза тапқан азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

ТЖМ басшысы марқұмдардың жақындарымен кездесіп, отбасыларына қолдау білдірді. Қаза тапқан қызметкерлердің жұбайларына гүл шоқтары, ал балаларына естелік сыйлықтар табысталды.

Аллеяда мемориалдық тақта орнатылып, көгалдар мен гүл композициялары, автоматты суару жүйесі және сәулеттік жарықтандыру жасалған. Сонымен қатар тұрғындар мен қала қонақтарына арналған демалыс орындары қарастырылған.

Құтқарушылар аллеясы адам өмірін қорғау жолында қаза тапқан мамандардың ерлігін ұлықтап, олардың есімін кейінгі ұрпаққа жеткізетін орынға айналады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу