Орал қаласындағы №6 мектеп оқушылардың бірінен табылған коронавирус салдарынан карантинге жабылды. Бала инфекцияны атасынан жұқтырған болып шықты.
"Қазіргі уақытта бала үйде, аурудың ағымы – асимптоматикалық. Мектепте дезинфекция жұмыстары жүргізілді, Орал қаласының бас санитарлық дәрігерінің қаулысы бойынша сынып карантинге жабылды. Барлық байланыста болған 14 оқушы мен 2 мұғалім тексерілді, барлығының нәтижесі теріс", – деп хабарлады БҚО тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметінен.
Өкінішке қарай, бұл қаладағы биылғы оқу жылында орын алған бірінші жағдай емес. Бұған дейін қыркүйек айының соңында бір үйдің екі баласынан короновирус инфекциясы анықталған. Оларға дертті әкесі жұқтырыпты. Ол кезде де балалармен байланысты болған 28 оқушы мен ересектер ПЦТ тестілеу тапсырып, барлығы теріс нәтиже берген. Ал БҚО бас санитарлық дәрігері Мұхамғали Арыспаев аймаққа аталған ауруды Атырау облысында вахтамен және Ресейдің көршілес облыстарынан қатынап жұмыс істейтіндер әкеліп отырғанын айтып, БҚО-ға кіріп-шығу жолдары мен шекараларды қатайтуды сұраған.
Құралай Қуатова