Оралда Батыс Қазақстан облысының тұрғындарын мерзімді әскери қызметке шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шара Қорғаныс министрлігінің бастамасымен қолға алынған "Сарбаз жолы" жаңа армиялық дәстүрі аясында Жеңіс алаңындағы Мәңгілік алау стеласының жанында ұйымдастырылды.
Салтанатты шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев, әскери қызметшілер, ардагерлер, қоғам өкілдері, әскерге шақырылушылардың ата-аналары мен жақындары қатысты.
Батыс Қазақстаннан шақырылған азаматтар Алматыда орналасқан Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының 5571 әскери бөліміне мерзімді әскери қызмет өткеруге аттанды.
Облыс әкімі әскерге шақырылушыларға әскери жолды абыроймен өтіп, Отан алдындағы борышын адал атқаруды тіледі.
"Әскери қызмет – жауапкершілікке, тәртіпке және батылдыққа тәрбиелейтін мектеп. Мұнда сіздер жаңа білім мен дағдыларды меңгеріп, топпен жұмыс істеуге және шешім қабылдауға үйренесіздер. Бір-біріңізге қамқор болып, Отан алдындағы борыштарыңызды абыроймен атқарыңыздар", – деді өңір басшысы.
Жас сарбаздарды алда әскери даярлықтан өту, Әскери ант қабылдау және әскери-есептік мамандықты меңгеру кезеңі күтіп тұр. Қорғаныс министрлігінің өкілдері әскерге шақырылушылар мен олардың ата-аналарына әскери қызметтің тәртібі, әлеуметтік кепілдіктер мен берілетін мүмкіндіктер туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Қызмет барысында сарбаздар дене даярлығын жетілдіріп, қару-жарақ пен әскери техниканы меңгереді, практикалық дағдыларын шыңдайды.
Мерзімді әскери қызметті талапқа сай өткерген әскери қызметшілер үшін заңнамада көзделген жеңілдіктер мен білім беру гранттарын пайдаланып, оқуын жалғастыру мүмкіндігі қарастырылған.
Шара барысында Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының әскери оркестрі мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті.
Оралдағы рәсім Абай облысында бастау алған "Сарбаз жолы" армиялық дәстүрінің жалғасы болды. Оның мақсаты – армия, отбасы және қоғамды ел қорғауға дайын, жауапты, тәртіпті әрі отансүйгіш азамат тәрбиелеу жолында біріктіру.