"Орман бар, орын бос, жалақы жетпейді": Нартай Аралбайұлы орманшылардың айлығы көтерілмегенін айтты

488

Ол орманшылардың жалақысын көтерудің жүгі жергілікті бюджетке артылғанын жеткізді. 

"Орман бар, орын бос, жалақы жетпейді": Нартай Аралбайұлы орманшылардың айлығы көтерілмегенін айтты Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы орманшылардың жалақысына қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Депутаттық сауал Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолданды.

"Семей орманында өрт болып ондаған отандасымыз опат болған кезде Үкімет өкілдері "2023 жылдың 1 шілдесінен бастап орманшылардың жалақысы өседі" деп кесіп айтқан еді. Бірақ айтылған сөз айтылған жерде қалды. Жалақы орман шаруашылығындағы басшылық құрам мен санаулы мамандық иесіне қосылғаны болмаса орман үшін от кешкен мыңдаған маман түкке жетпейтін жалақымен сол күйі қала берді. Аталған мәселені былтыр қыркүйекте Мәжілістің төрінен көтергенімде Үкімет өкілдері, салалық министр "жалақыны өсіреміз" деп уәдені үйіп-төкті. Бұл жолы оттан көйлек киіп орман өртімен күресетін мамандардың жалақысы өсер деп қатты үміттендік, 1 жыл дегенде ақжолтай ақпарат келді. 2024 жылдың 1 шілдесінде  Премьер-Министр Олжас Бектенов еліміздегі орман шаруашылығы және табиғатты қорғау мекемелері қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына үстемақы қосу туралы  қаулыға қол қойды", -  деді Нартай Сәрсенғалиев.

Жазуынша, Орман және табиғатты қорғау ұйымдары қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесін, шарттары мен мөлшерлерін жетілдіру мақсатында тиісті Үкімет қаулысына өзгерістер енгізілген.

"Бөркімізді аспанға атып алақайладық. Құжатқа сәйкес, орман өртін сөндіру бекеттерінің, орман шаруашылығы мекемелерінің, қоршаған ортаны қорғау және орман орналастыру ұйымдарының қызметкерлері лауазымдық жалақыларына 100 пайызға дейін өсімақы алуы керек еді. Олардың қатарында орман өртін сөндірушілер, өрт сөндіру көлігінің жүргізушілері, тракторшылар, радио операторлар, өрт сөндіру машиналарын, жабдықтар мен аппараттарды жөндеу жөніндегі шеберлер, өрт бақылау мұнарасының бақылаушылары бар еді. Шіліңгір шілдеден бастап жалақымыз еселеп артады деп елдің еңсесі тіктеліп қалды. Бірақ, 2023 жылы үмітінің күлі көкке ұшқан орманшылар 2024 жылы да дәл сол жағдайды бастан кешуде. Себебі аталған қаулы БҚО, Қызылорда облысында,  Арал ауданында, Павлодар облысында, Маңғыстау облысында, Қостанай облысында, Жетісу облысында орындалмады деген дерек келді", - деп атап өтті Мәжіліс депутаты.

Нартай Аралбайұлы орманшылардың ресми жазған арызы қолында екенін баса айтты.

"Орманшылардың жалақысын көтерудің жүгі жергілікті бюджетке артылыпты, ол қамбада қаржы жоқ екен. Қаулысы бар да, қаржысы жоқ. Салдары ауыр, жалақының төмендігінен жастар орманшы болып қызметке барғысы келмейді. Орман бар, орын бос, жалақы жетпейді. 2024 жылдың 1 шілдесінде қол қойылған  қаулының толыққанда орындалуын қадағалап, Қазақстандағы орман шаруашылығындағы мамандардың лауазымдық жалақыларына 100 пайыздық өсімақының қосылуын қамтамассыз етуіңізді сұраймын", - деді мәжілісмен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу