Орталық Азиядағы салық бәсекесінде кім көш ілгері

339

Орталық Азия елдері инвестор тартуға және экономикалық өсуді жеделдетуге тырысып, салық жүйелерін жаңғыртып жатыр.

Орталық Азиядағы салық бәсекесінде кім көш ілгері Фото: ЖИ

Бірақ кейбірі цифрлық трансформацияны енді ғана бастап жатса, енді бірі жасанды интеллектіге көшуде. Бүгінде өңірдегі "ойын"  ережелерін кім айқындап отыр?

Осыдан бес жыл бұрын Орталық Азиядағы салық саясаты әр мемлекеттің ішкі мәселесі ретінде қарастырылатын. Бүгінде жағдай күрт өзгерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Өңір Еуразиядағы ең қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың біріне айналды. Инвестиция тарту жолында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан бәсекеге түсіп, әрқайсысы бизнес үшін қолайлы әрі тартымды жағдай қалыптастыруға ұмтылуда.

Сонымен қатар реформалардың мазмұны да жаңаша сипат алды. Бұрын мемлекеттер негізінен салық мөлшерлемелерін төмендетуге, жеңілдіктерін кеңейтуге басымдық берсе, бүгінде негізгі артықшылық ретінде салықтық әкімшілендіру сапасы, цифрландыру деңгейі және мемлекеттік сервистердің жеделдігі алдыңғы орынға шықты.

Мәселен, егер Өзбекстан 2026 жылы шағын бизнеске арналған арнайы салық режимін қолдану үшін кіріс шегін арттырса, ал Қазақстанда мұндай тетіктер бірнеше жылдан бері табысты жүзеге асып келеді. Еліміздегі салық есептілігінің басым бөлігі электронды форматта қабылданады. Smart Data Finance ақпараттық жүйесі 78 мемлекеттік базаның деректерін біріктіреді. Келесі кезеңде үлкен деректер мен жасанды интеллект технологияларына негізделген AI-salyq платформасын енгізу көзделген.

Өзбекстанда жүргізілген реформалар нәтижесінде жылдық айналымы шамамен 390 мың АҚШ долларына дейінгі кәсіпорындар арнайы салық режимін қолдана алады. Қазақстанда бұл көрсеткіш шамамен 5 млн АҚШ долларын құрайды. Бұл кәсіпкерлік субъектілеріне неғұрлым күрделі салықтық әкімшілендіру жүйесіне көшпей-ақ, өз қызметін ұзақ мерзім бойы тұрақты дамытуға мүмкіндік береді.

Қырғызстан неғұрлым сақтыққа негізделген модельді таңдады. Мұнда Салық кодексіне түбегейлі реформа жүргізілген жоқ. Оның орнына арнайы салық режимдері кеңейтіліп, цифрлық қызметтер жетілдірілді. Бұл тәсіл көршілес мемлекеттердегі ауқымды өзгерістерге қарағанда байыпты сипатымен ерекшеленеді.

Тәжікстан да мақсатты өзгерістер жолын ұстануда. Соңғы жылдары көлік салығы қайта қаралып, жаңартылатын энергетика саласындағы жобалар үшін салық жеңілдіктері кеңейтілді. Сонымен қатар 2030 жылға дейін салық саясатының бағдарламасы әзірленіп жатыр.

Түрікменстан бұл тұрғыда барынша сақтық танытып отыр. Мұндағы өзгерістер негізінен салықтық әкімшілендіру рәсімдерін жетілдіруге және салық органдары мен төлеушілер арасындағы өзара әрекеттесуді жақсартуға бағытталған. Қазақстандағыдай ауқымды құрылымдық реформалар әзірге жүргізіп жатқан жоқ. Бұл Түркіменстан экономикасының көршілес мемлекеттермен салыстырғанда анағұрлым жабық моделін көрсетеді.

Жоғарыда аталған бес мемлекеттің реформаларын салыстырғанда ортақ үрдіс айқын байқалады. Қазіргі таңда елдер төмен салық мөлшерлемелері арқылы емес, цифрландыру, рәсімдердің ашықтығы, бақылауды автоматтандыру және бизнес үшін әкімшілік кедергілерді азайту арқылы бәсекеге түсуде. Шын мәнінде, мемлекеттер салықтардың мөлшерімен емес, мемлекеттік басқару сапасымен бәсекелесе бастады.

Қазақстан бюджет кірістерінің көлемі, салық түсімдері және жан басына шаққандағы салық түсімдерінің деңгейі бойынша Орталық Азиядағы ең ірі салық жүйесіне бар мемлекет ретіндегі беделін сақтап келеді. Қазақстан аймақтағы ең ауқымды кешенді салық реформасын жүзеге асырып отыр. Ал көрші елдер негізінен салық жүйесінің жекелеген тетіктерін жаңғыртуға басымдық беруде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу