Полиция мәліметінше, апат 2 ақпан күні сағат 13:45 шамасында Сырдария ауданына қарасты Шаған ауылы маңында, Қарабұтақ–Қызылорда–Шымкент автожолында болған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Тереңөзек кентінен Ақжарма ауылына қарай бағыт алған газбен жүретін "Audi 80" маркалы автокөлік қарсы бағытта келе жатқан Шекара қызметі департаментіне тиесілі "Урал" қызметтік көлігімен соқтығысқан. "Урал" көлігінде жүргізушіні қоса алғанда 23 әскери қызметкер болған.
Соқтығыс салдарынан жеңіл автокөлік өртеніп, 20 жастағы жүргізуші оқиға орнында көз жұмды.
– Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесіне сәйкес тиісті процессуалдық шешім қабылданады, – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.