Өскемен әуежайын жаңғырту жобасының құны 5,2 млрд теңгені құрайды. Осы қаржының 1,5 млрд теңгесін Еуропалық қайта құру және даму банкі бермекші, деп хабарлайды Интерфакс-Казахстан.
Облыс және ЕҚДБ басшылығы Өскемен әуежайын жаңғырту жобасын қаржыландыру жөнінде алдын ала келісімге қол қойды. 1 млрд теңгеге жуығы республикалық бюджеттен және 2,5 млрд теңгесі облыстық бюджеттен бөлінбекші, делінеді хабарламада.
Өскеменнің ұшып-қону жолағы 2800 метрге ұзартылып, 45 метрге кеңейтіледі. Сонымен қатар жүк терминалын, уақытша сақтау қоймасын, апаттық-құтқару станциясын, жарықбелгілерін беру қондырғыларын салу жоспарда бар.
Жұмыс 2018 жылы басталып, 22 айға созылады.
Сонымен қатар бүгінгі таңда облыс орталығындағы халықаралық әуежайда жаңа жолаушылар терминалының құрылысы жүріп жатыр. Нысан 2017 жылдың ортасында пайдалануға беріледі.