Өскемен қаласына жаңа әкім тағайындалады

797

Даниал Ахметов Қуат Тұмабаевқа өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазуы керектігін айтқан.

Өскемен қаласына жаңа әкім тағайындалады

ШҚО орталығына жуықта жаңа басшы тағайындалады. Бұл жөнінде кеңейтілген әкімдік мәжілісінде облыс әкімі Даниал Ахметов айтты, деп хабарлайды kaz.altaynews.kz.

"Сіздердің алдарыңызда ашық айтқым келген тағы бір жайт, ол биылғы сәуірде Риддер қаласында шенеуніктердің қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғасына қатысты мәселе. Бұл оқиға осы уақытқа дейін қоғамда жиі талқыланып, БАҚ-та жеткілікті жазылды. Оқиғаға кінәлі Риддер қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманбаев тиісті жазасын алып, сотталды. Сонымен қатар, Риддер қалалық ішкі істер басқармасының бірқатар басшылық қызметтегі және қатардағы полицейлері де қызметімен қош айтысты. Оқиғаға қатысы бар шенеуніктердің ісі әдеп кеңесінде қаралды. Сондықтан осының бәрін таразылай келе, мен Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаевқа осындай жағдайдан кейін жоғары басшылық қызметте қала алмайтындығын, оған моральдық құқығы жоқтығын, өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазуы керектігін айттым. Сондықтан, алдағы уақытта облыс орталығы – Өскемен қаласына жаңа әкім тағайындалатын болады", – деді Даниал Ахметов.

Еске сала кетсек, 19 жасар Евгений Смольниковты көлікпен қағып өлтірген Риддер қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманғалиевтің қасында Қуат Тұмабаев та отырған болатын. Ол куәгер болса да, халық алдында оқиғадан кейін абыройы төмендеп, оған қатысты сын айтушылар көбейіп кеткен болатын.

Енді облыс басшысының сөзінен кейін Қуат Тұмабаевқа жұмыстан өз еркімен кетуге өтініш жазу ғана қалып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу