Өскеменде 3 жасар бала бесінші қабаттың терезесінен құлап көз жұмды

449

Облыста балалрдың терезеден құлау фактісі жиілеп барады.

Өскеменде 3 жасар бала бесінші қабаттың терезесінен құлап көз жұмды Фото: yandex.kz

Шығыс Қазақстанда 3 жасар бала бесінші қабаттың терезесінен құлап көз жұмды. Оқыс оқиға 5 маусым күні болған.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қайғылы оқиға Өскеменнің іргесіндегі Күленов кентінде болған. Белгілі болғандай бала бесінші қабаттың терезесінен құлап кетіп, бірден сол жерде көз жұмды.

- Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілуге жатпайды, - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, жуықта Риддер қаласында екі жасар бала үшінші қабаттың терезесінен құлап кеткен болатын. Бүлдіршін жансақтау бөліміне жатқызылған. 

Осы ретте, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бала терезеден құлап кетпес үшін не істеу керектігін түсіндірді.

- Қайғылы оқиға ата-аналар үлкен балаларына кішілерін қарауды тапсырған кезде болады. Кейбіреулер тіпті бес жасар баласына бір жасар бүлдіршінге бас-көз болуды тапсырып жатады. Бұл мүлде дұрыс емес. Бала ересектер сияқты жауапкершілікті сезіне алмайды. Кейбір ата-аналар кішкентай балаларын көшеге, құстарға, көліктерге қарату, әкесіне немесе шешесіне қол бұлғау үшін терезе алдына өздері шығарады. Соның салдарынан бала биіктіктің қаншалықты қауіпті екенін түсінбейді, - дейді ШҚО ТЖД психологы Светлана Андрусенко.

Балалар москит торына сүйеніп, терезеден құлап кетуі мүмкін. Шыбыр-шіркейді үйге кіргізбейтін москит тор ешқашан балаларға қорған бола алмайды. Керісінше ондай тор қайғылы жағдайға себепкер болады. Өйткені бала өзін қауіпсіз сезінеді де оған сүйенеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу