Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласында екі жасар бала үшінші қабаттың терезесінен құлап кетті. Бүлдіршін жансақтау бөліміне жатқызылды.
Белгілі болғандай екі жасар бала бесқабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы терезеден құлап кеткен. Оқиға бала бірнеше минутқа ғана ересектердің қарауынсыз қалғанда болды. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар бөлімі мәлім етті.
Абырой болғанда, бүлдіршін аман қалған. Ата-анасы бірден жедел жәрдемге қоңырау шалды.
- Бала түрлі дене жарақаттарымен Риддер қалалық ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды. Қазіргі уақытта оның жағдайы орташа ауыр, - делінген ақпаратта.
Осы ретте, өңір құтқарушылары қайғылы жағдайдың алдын алу үшін не істеу керектігін түсіндірді.
Жүргізілген талдау нәтижесінде, терезеден құлаған балалар негізінен 1-3 жаста болатыны анықталды. Негізгі себептер - баланы қараусыз қалдыру және терезені ашуға жол бермейтін қорғаныс құралдарының болмауы.
- Оқыс оқиға ата-аналар үлкен балаларына кішілерін қарауды тапсырған кезде де болады. Кейбіреулер тіпті бес жасар баласын "үлкен" деп санап, оған бір жасар бүлдіршінге бас-көз болуды тапсырып жатады. Бұл мүлде дұрыс емес. Бала ересектер сияқты жауапкершілікті сезіне алмайды. Кейбір ата-аналар кішкентай балаларын көшеге, құстарға, көліктерге қарату, әкесіне немесе шешесіне қол бұлғау үшін терезе алдына өздері шығарады. Соның салдарынан бала биіктіктің қаншалықты қауіпті екенін түсінбейді, - дейді ШҚО ТЖД психологы Светлана Андрусенко.