Өскеменде қатты желден көпқабатты үйдің қабырға қаптамасы желге ұшты

527

Тіпті соңғы жылдары бұндай жағдайлар жиілеп кетті.

Өскеменде қатты желден көпқабатты үйдің қабырға қаптамасы желге ұшты Фото: «Таза Өскемен» КМК

Өскеменде қатты жел соғып, көпқабатты үйдің қасбеті қопарылып, аялдама павильоны құлады. Тіпті бірнеше көше жарықсыз қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz  тілшісі.

Қатты желге шыдас бермеген үйдің қабырғасы жалбырап тұр. Тіпті соңғы жылдары бұндай жағдайлар жиілеп кетті. Әдеттегідей қасбетін жел қопарып, адамдарға қауіп төндіруде. Аталған мәселеге байланысты қала тұрғындары үйлердің сапасыз екендігін талай айтқан болатын. 

"Өскеменде қаңылтырдың ұшып тұруы қалыпты жағдай болып кеткелі қашан?! Аса көп мән бере бермейміз. Негізі үй сапасыз емес, жел сапалы боп тұр ғой", - деп қалжыңмен қағыта жазды журналист Мерей Қайнарұлы. 

photo

Шынымен де көріп көзіміз де, естіп құлағымыз да үйреніп кетті. Былтыр ғана осы Есенберлин көшесіндегі үйлердің қабырғасын тағы жел алып, елдің үрейін ұшырған болатын. 

Белгілі болғандай Красин көшесінде шатырдан ұшқан материалдар көліктерге зақым келтірген. Достық үйінің (ДКМ) маңында, Славский атындағы жағалауда және № 11 мектеп-гимназияның жанында үлкен шыршалар тамырымен жұлынып кетсе, Красин кентінде жарық діңгегі бүлінген. Сонымен қатар, Меновное кенті мен Согра шағын ауданында бірнеше көше жарықсыз қалған.

photo"Таза Өскемен" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның мәліметіне сүйенсек, қазір қала бойынша қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

"Мамандар құлаған ағаштарды алып, аялдамаларды жөндеу үстінде. Қазіргі уақытта Әл-Фараби даңғылындағы желмен ұшып түскен аялдама павильоны бөлшектеліп, алынып тасталды. Осы ретте, тұрғындарға көшеде барынша абай болуға шақырамыз. Жүргізушілер көліктерін ағаштардың қасына қоймаған дұрыс", - дейді "Таза Өскемен" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорыны.

Айта кетейік, өткен жылы маусым айының аяғында тағы да қатты желден аялдама павильоны құлап, екі баланы басып қалған болатын.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу