Өскемендегі сауда орталықтарында қазақ тілін үйрететін курс ашылмақ

625

Тілді үйренгісі келетін жандарға білікті мамандар сабақ береді.  

Өскемендегі сауда орталықтарында қазақ тілін үйрететін курс ашылмақ Фото: Оралхан Бөкей кітапханасы

Аталмыш курс қазірдің өзінде қала бойынша 4 жерде жұмыс істеп тұр. Енді  "Кел, сөйлесейік" клубы Өскемен қаласындағы сауда орталықтарында ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Клуб алғашында облыс орталығындағы Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада ашылған болатын. Қазір ол жерде мемлекеттік тілді үйренгісі келетін жандар тиісті мамандардан білім алып жүр.

Мәселен, жақында ғана Гагарин бульварындағы "Борис Щербаковтың жасыл үйінде" ашылған "Кел, сөйлесейік" клубында 4-курс студенті Салтанат Миронова сабақ береді.

"Курсқа қатысатындардың көбі ересектер мен зейнеткерлер. Біз клубта грамматикаға емес, қазақ тілінде сөйлесуге баса назар аударамыз. Сондықтан күнделікті өмірде қолданылатын сөздерді үйреніп, қазақша ән тыңдап, кинолар көреміз. Бұл - тіл үйренудің бірден-бір оңтайлы тәсілі деп білемін", - дейді Салтанат Миронова.

Қала басшылығының айтуынша, мұндай курстар саны әлі де артпақ. Тіпті халыққа ыңғайлы болуы үшін сауда орталықтарында да ашу жоспарланған.

"Жақында "Кел, сөйлесейік" клубы "Альшемали" сауда орталығынан да ашылады. Себебі, курсқа қатысушылар саны артып келеді. Тіпті, кейбір ата-аналардың сұрауымен балаларға арналған бөлек топ ашылды. Көп адамды қамту үшін, оларға ыңғайлы болу мақсатында басқа да сауда орталықтарынан курс ашуды жоспарлап отырмыз", - дейді қала әкімі Жақсылық Омар.

Айта кету керек, кейбір кәсіпорын басшылары бұл бастаманы қолдап, өз қызмекерлерінің ана тілді игеруі үшін зауытта да курс ашуға ұсыныс білдірген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу