Өскемендік тұрғындар суық үйде бүрсиіп отыр

1060

Үйдің температурасы минус 18 градусқа дейін түсіп кеткен.

Өскемендік тұрғындар суық үйде бүрсиіп отыр

Өскемендегі жылу электр орталығы ақау шыққан қазандықты іске қосқанымен, тұрғын үйлер мен мекемелер әлі де жылынбай отыр. Тұрғындар жұмыста қалың киіммен, ал үйде қабат-қабат күртеше киюге мәжбүр, деп жазады inbusiness.kz .

Соңғы 3-4 күнде қалада сынап бағанасы минус 40 градусқа дейін төмендеді. Сақылдаған сары аязға шыдас бермеген Өскемен жылу электр орталығының жұмысы да сыр берді. Салдарынан жылу электр орталығы пәтерлерді жылыта алмай жатыр.

- Бізде бұрын мұндай жағдай болып көрген жоқ. Үйім жылы болып тұратын.  Қазір батарея суық, отыру мүмкін емес. Үйдің температурасы минус 18 градусқа дейін түсіп кетті. Электр пеш те көмектеспей жатыр. Кейде одан да қатты суытып кетеді. Аяздың беті қайтатын түрі жоқ. Бұл тек менің үйімде ғана емес, бүкіл елде солай, - дейді қала тұрғыны Екатерина Шендрик.

Осы орайда қаладағы А. Пушкин атындағы кітапханаға да бас сұқтық. Мұнда да қалың киініп, жұмыс істеп отырған қызметкерлер мен оқырмандарды көзіміз шалды. Іші қоңыр салқын, батареялары жылымық. Қол күйгізіп, жылу шашатындай ыстық жоқ. 

- Осы кітапхананың тұрақты оқырманымын. Аптасына кемінде 3-4 күн келемін. Осыған дейін бұл жер жылы болатын. Қазір қиындап барады. Аяз басталғалы суып кетті. Сондықтан киініп отырмын, - дейді кітапхананың оқырманы Айым Архатқызы. 

Кітапхананың бұрынғыдан да суығанын кітапханашылар растап отыр. Тіпті оқырмандар да азайып кетіпті. Мұнда жылу батареялары жылымыш ғана. Ал оның даңғарадай кітапхананы жылыту мүмкін емес. 

- Кітапхананың іші суық. Ұзақ отыра алмаймыз. Биыл қаланы жылумен қамтамасыз ететін мекеме жұмысын дұрыс атқармай отыр. Үйім де суық. Оранып, қымтанып отырмыз. Алдағы уақытта кемшіліктер жойылады деп үміттенеміз, - дейді қала тұрғыны Александр Викторович.

Естеріңізге сала кетейік, 27 қарашада сағат 08:27-де Өскемендегі жылу электр орталығының датчиктердің дұрыс жұмыс істемеуіне байланысты №15 қазандық өшіп қалған болатын. Аталған жылу орталығының салынғанына биыл 75 жыл толады. 

Осыған дейін ақау шыққан жылу қазандығының іске қосылғанын жазған болатынбыз.

Ал Өскемен жылу эдектр орталығының жөндеу жұмысы жөніндегі директоры Тоқтар Ақтайлақов қалаға жеткілікті жылудың беріліп жатқанын айтуда. 

- Орталықта жоспарланған барлық жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қажетті жылу берілді. Тұрғындардың үйлерінің суықтығы біздің кінәміз емес. Аязға дейін мұнда сағатына 13.5 мың тонна су айналып тұратын. Аяздан кейін 14.5 мың тоннаға артты. Себебін түсінбедік. Мүмкін жылудың жеткіліксіз болып жатқанының себебі осы болар. Қазір қалада үйлер көбейіп келеді. Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылып жатыр. Енді, алдағы уақытта бізде басқа өңірдегідей апаттық жағдай тіркелмейді деп ойлаймын, - дейді Тоқтар Ақтайлақов.

Аталған мекеме жылуды толықтай беріп отырмыз дегеніне тұрғындар күмәнмен қарап отыр. Себебі үйдегі батареялар салқын. Бұған кітапханалар мен үйлерді аралау барысында біздің де көзіміз жетті. Жылу өте әлсіз. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу