Өскеменге "Сергек" бейнебақылау камералары қарқынды орнатылып жатыр

1393

4 мыңдай камера бүкіл қаланы бақылауда ұстап тұратын болады.

Өскеменге "Сергек" бейнебақылау камералары қарқынды орнатылып жатыр

Өскеменге "Сергек" бейнебақылау камералары қарқынды орнатылып жатыр. Облыс әкімі Даниал Ахметов өткізген кеңесте осы жұмыстардың барысы сөз болды, деп хабарлайды altaynews.kz.

Жоба аясында Өскемендегі 74 жол қиылысына және 85 жол бойына 1228 камера орнатылады.

Бұдан бөлек, қоғамдық орындарда, аулаларда қосымша 1700 камера іске қосылады. Олардың 1200-і көпқабатты үйлердің аулаларын бақылайды. Әзірге бұлардың 1158-і орнатылған екен. Қалған 500 камера адамдар көп шоғырланатын жерлерді қадағаламақ. Бүгінге дейін олардың 30 пайыздан астамы орнатылыпты.

"Нұр-Сұлтан қаласына "Сергек" камералары қойылған соң, айыппұлдар мөлшері 4 есеге өскен, бізде де солай болуға тиіс. Ендеше, кеткен шығын қайтарылады деген сөз. Ал ең бастысы – жол апаты азайып, қылмыстардың ашылуы көбейеді. Өйткені, жалпы саны 4 мыңдай камера бүкіл қаланы бақылауда ұстап тұратын болады", – деді аймақ басшысы.

Өскемендік полицейлерге осы камераларға қосылған 100 планшет беріліп отыр. Алдағы уақатты олардың саны тағы да көбейеді.

"Сергек" камераларының бір ерекшелігі – олар қараңғыда да "жақсы көреді", яғни мүмкіндігі жоғары. Елордадағы камералар қақаған аязға да, аптап ыстыққа да шыдас беріп келеді. Камералар өте сапалы", – дейді мердігер ұйым – "Көркем телеком" ЖШС филиалының басшысы Алексей Снегур.

Облыс әкімі камералар 1 тамызға дейін толық орнатылып, іске кірісуі тиіс екенін ескертті. Ол, сондай-ақ, осы жүйені Семейге де орнату қажеттігін тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу