Отбасы банк Астанадағы жаңа деректер орталығына көшті

328

Бұл туралы банк ресми мәлімдеме жасады, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Отбасы банк Астанадағы жаңа деректер орталығына көшті Фото: Яндекс.Карты

Отбасы банк сервистерінде байқалған уақытша техникалық ақаулар Алматыдан Астанаға деректерді өңдеу орталығын көшіру жұмыстарына байланысты болған. 

Банк мәліметінше, 2025 жылдың 31 желтоқсаны мен 2026 жылдың 2 қаңтары аралығында қаржы жылын жабу рәсімдері жүргізілген. Ал 3 қаңтар күні сағат 03:00-де негізгі деректерді өңдеу орталығының есептеу қуаттарын көшіру бойынша жоспарлы техникалық жұмыстар басталған. Мұндай жұмыстар сервистердің тоқтап қалуын барынша азайту үшін демалыс күндеріне әдейі жоспарланған.

Көшіру аясында 40 сервер, 10 деректерді сақтау жүйесі, 6 желілік құрылғы және 10 технологиялық жабдық сөресі Астанаға жеткізілген. Жабдықтарды тасымалдау жұмыстарын банк қызметкерлері өз күшімен атқарған. Мердігер компаниялар тартылмаған, бұл шығындарды оңтайландыру және қаражатты үнемдеу мақсатында жасалған.

Суық мезгілде жеткізілген серверлік және дискілік жабдықтар алдымен арнайы орындарға орналастырылып, нормативтік температуралық режимге жеткеннен кейін ғана монтаждау жұмыстары басталған. Іске қосу кезең-кезеңімен жүргізіліп, әрбір жүйе бойынша қосылымның дұрыстығы, жұмыс тұрақтылығы және деректердің тұтастығы мұқият тексерілген.

Бастапқы жоспар бойынша барлық жүйе 5 қаңтар күні сағат 09:00-ге дейін толық іске қосылуы тиіс болған. Алайда қосымша баптау мен тексеру қажеттілігіне байланысты бұл процесс ұзартылған. 5 қаңтар сағат 15:00-дегі жағдай бойынша Colvir автоматтандырылған банктік ақпараттық жүйесі, төлем жүйелері, BPM, BPM 2.0, CRM, 300 нөмірі арқылы кіріс қоңырауларын өңдеу жүйесі және бірқатар негізгі ішкі ақпараттық жүйе қайта іске қосылған.

Қазіргі уақытта цифрлық қызмет көрсету арналары кезең-кезеңімен қалпына келтіріліп жатыр. Банк барлық маңызды ақпараттық жүйені толық іске қосып, қалыпты жұмыс режиміне көшу жоспарын жалғастыруда. Жүйелердің жұмыс қабілеті тұрақты бақылауда, деректердің жоғалуы немесе ақпараттық қауіпсіздікке қатысты елеулі тәуекелдер тіркелмеген.

Сонымен қатар банк клиенттеріне қатысты жеңілдік шараларын да қарастырған. 2026 жылдың 1–6 қаңтары аралығына жоспарланған кредиттік төлемдерді 7 қаңтар сағат 20:00-ге дейін төлеуге мүмкіндік берілген. Бұл төлемдер мерзімі өткен берешек ретінде есептелмейді, өсімпұл салынбайды және ақпарат кредиттік бюроларға жіберілмейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу