Ол жерде 2036 жылға таман "Король Салманның қақпасы" атты ауқымды жоба іске қосылмақ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы Сауд Арабиясының жаңалықтар қызметі хабарлаған. Елдің тақ мұрагері әрі Премьер-министрі Мұхаммед бен Салман бен Абдулазиз әл-Сауд "Король Салманның қақпасы" жобасының басталғанын сүйіншілеген. Бұл жоба экономиканы әртараптандыруды көздейтін "Vision 2030" ұлттық бағдарламасы аясында іске асырылады.
– "Король Салманның қақпасы" жобасы әл-Харам мешітінің жанында стратегиялық маңызы бар жерде орналасқан. Бұл көпфункционалды кешен Мекке қаласының инфрақұрылымын сапалы жаңа деңгейге көтеруді, оны жаһандық деңгейдегі қала үлгісіне айналдыруды мақсат етеді, – делінген хабарламада.
Осылайша, 2036 жылға қарай кешен 900 000 адамды емін-еркін қабылдайды деп жоспарланған. Жаңа нысан жабық намазханалар мен ашық аулалардан, тұрғын үйлерден, мәдени кеңістіктер мен қызмет көрсету орындарынан құралады. Жоба аясында 19 000 шаршы метр тарихи және мәдени аумақ қайта жаңарып, 300 000 жұмыс орнын ашу көзделуде.