"Өткенде Бишімбаев, бүгін Дәкебаев": Депутат жедел жәрдем жүргізушісін ұрған тұрғынды тез арада табуды тапсырды

1706

Қазір құқық қорғау органы күдіктіні іздеп жатыр.

"Өткенде Бишімбаев, бүгін Дәкебаев": Депутат жедел жәрдем жүргізушісін ұрған тұрғынды тез арада табуды тапсырды Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Қарағанды облысында жедел жәрдем жүргізушісінің соққыға жығылуы бойынша депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Депутаттың айтуынша, соңғы кезде заңды белден басып, ойына келгенін істейтін бетімен кеткендер көбейген. 

"Күні кеше Қарағандыда болған оқиға – соның айқын дәлелі. Айдың күннің аманында өз қызметін адал атқарып жүрген жедел жәрдем жүргізушісін қанжоса етіп соққыға жығу – барып тұрған бассыздық. Құқықбұзушы Нұрболат Дәкебаевтың бұл әрекеті – жәй ғана қылмыс емес, бүкіл қоғамға, заң мен тәртіпке ашық қарсылық, не істей аласың деген дөңайбат. Өзін бейнетаспаға түсіріп жатқанын біліп тұрса да, ешқандай айылын жимай жұдырық сілтеп, қызметтегі адамды қанға бөктіруі – әбден шектен шыққандық, нағыз қаныпезерлік. 1 жасар сәбиге көмекке келген медицина қызметкерлерін, ашықтан-ашық, куәгерлердің көзінше ұрып-соғу не деген сұмдық?", - деді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев.

Ол осы уақытқа дейін депутаттар бірнеше рет медицина жүйесінің қызметкерлерін қорғау үшін арнайы статус бекітуді ұсынғанын, алайда Үкімет әлі күнге дейін шешім қабылдамағанын жеткізді.

Адам өмірін сақтау үшін арпалысатын ақ халатты жандарды арнайы қызмет көрсетуші өкіл ретінде заңмен қорғауымыз керек, деп жалғастырды мәжілісмен. 

"Алматыда автобус жүргізушісін соққыға жығудың қандай қайғылы жағдайға соқтырғанына бәріміз куә болдық. Бұл жария болғаны ғана. Жабулы қазан жабулы күйінде қалғандары қаншама. Сондықтан мұндай жағдайға мүлдем жол беруге болмайды. Өткенде Бишімбаев, бүгін Дәкебаев, ертең кім болады сонда?! Бұл жағдай нені көрсетіп отыр? Ең алдымен, тиісті органдардың өз жұмысына салғырт қарап, құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын дұрыс ұйымдастырмағанын көрсетеді. Екіншіден, көпшілік қарапайым ғана құқықтық қағидаларды білмейтінін байқатады. Үшіншіден, Ұлттық құндылықтардан ада, әдеп пен ар-ұятты артта қалушылық деп санайтын, адамшылыққа жат ойлармен санасы уланған азаматтар қалыптасып келеді", - деді Елнұр Бейсенбаев.

Депутат уәкілетті органдарға бірқатар шараны қолға алуды ұсынды.

"Құқық қорғау органдары қылмыс жасаған Дәкебаевты тез арада табуы тиіс. Нұрболат Дәкебаевтың сотын ашық жүргізіп, қатаң жаза тағайындау және оның барысы мен қорытындысы туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықты түгел хабардар ету. Соңғы уақыттары адамның жеке басына қауіп төндіретін, тіпті оның өмірін қиятын қылмыстар қоғамдық сипат алып жатыр. Кез келген қылмысқа қоғамды мүлдем төзбеушілік мәдениетін жаппай қалыптастыруымыз қажет", - деп түйіндеді спикер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу