Өз тілімізді өзіміз ұлықтауымыз керек – Мемлекет басшысы

830

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысы тұрғындарымен кездесуде мемлекеттік тіл мәселесін көтерді, деп жазады inbusiness.kz.  

Өз тілімізді өзіміз ұлықтауымыз керек – Мемлекет басшысы

"Әлем халықтарының жақсы қасиеттерін бойға сіңіріп, озық үрдістерін үйрену үшін тіл білу қажет. Бабаларымыз "Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл" деп айтқан. Шын мәнінде, жастар неше тіл білсе, алдынан сонша елдің есігі айқара ашылады. Бұл туған еліңнің мүддесіне қызмет ету үшін қажет. Дегенмен, ең алдымен, жастарымыз ана тілін – қазақ тілін білуі керек. Ана тіліміз бірінші орында болып, бәріміз үшін негізгі басымдық болуы қажет. Солай болады да деп атап айтқым келеді. Жалпы, біз тіліміз дамымай жатыр деген ойдан арылуымыз керек. Тәуелсіздік кезеңінде оның мәртебесі биіктемесе, төмендеген жоқ", - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, бүгінде көптеген ақпарат құралдары қазақ тілінде хабар таратып, газет-журналдар мен кітаптар шығып жатыр. Бұдан бөлек ол қазақша сөйлейтін жастардың көбейіп жатқанын да атап өтті.

"Жалпы, тілдік орта түбегейлі өзгерді. Қазақ тілін білетін өзге ұлт өкілдері де аз емес. Соған сәйкес қазақша фильмдерге, әндерге және басқа да өнімдерге деген сұраныс жоғары. Мұның бәрі қазақ тілінің қолдану аясы жылдан-жылға кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Сондықтан, алаңдауға еш негіз жоқ.

Қазақ тілін пайдаланып, саяси ойындар жүргізудің қажеті жоқ. Осындай теріс түсініктер кейбір елдерді қасіретке ұшыратты", - деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет қазақ тілін қолдау үшін тиісті шаралар қолданып жатқанын, бұл бағыттағы жұмыстың жалғасатынын айтты.

"Өз тілімізді өзіміз ұлықтауымыз керек. Бұл – өте дұрыс. Бірақ, өзге тілден бас тартуға болмайды. "Өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін" деген сөз бар. Біз тіл саясатын байыппен жүргізуіміз керек. Сонда ғана көздеген мақсатымызға жетеміз", - деді Мемлекет басшысы.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу