Өзбекстан ЕАЭО-қа мүше болудан ұта ма, ұтыла ма?

504

Өзбекстан "Еуразиялық бестіктің" қатарына қосылса, туризм, жеңілөнеркәсіп ісінде ұтатыны даусыз.

Өзбекстан ЕАЭО-қа мүше болудан ұта ма, ұтыла ма?  Фото: advantour.com

Қазақстан, Белоруссия, Қырғызстан, Ресей және Армения мүше болып табылатын Еуразиялық экономикалық одаққа Өзбекстан түбегейлі кіруге әлі дайын емес. Мұндай толыққанды шешім қабылдау үшін тағы 2-3 жыл уақыт керек. Көрші елдегі сарапшылар осылай дейді. Өзбек мемлекетінің интеграциялық бірлестіктегі бақылаушы мәртебесі биыл 4-ші жылға созылды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты. 

Егер ала шапанды ағайын одаққа мүше болса, неден ұтып, неден ұтылады? Өзбекстандағы меншікті тілшіміз сарапшылар пікірін білді.

Еуразиялық экономикалық одақта бақылаушы ел Өзбекстан біртіндеп ұйымға интеграциялануды ойластырып жатыр.  Бүгінде кеден заңнамасын, фитосанитарлық бақылау рәсімдерін мүше мемлекеттермен сәйкестендіру жұмыстары жүргізілген. 5 елге азық-түлікті жоғары жылдамдықпен тасымалдайтын "жасыл агроэкспресс" жобасы да қолға алынған.

"Өзбекстан Одаққа белсенді қатысып, ішкі жүйемен танысып,  шешімдерді дайындау, қабылдау, келісуді зерттеп жатыр. Өзбекстан әзірге байқаушы ел мәртебесінде қалады. Елдің қашан нақты ЕАЭО-ға мүшелікке кіруге түбегейлі шешім қабылдайтыны туралы айту қиын. Мен Өзбекстан әлі де бірнеше жыл  байқаушы мәртебесінде қалады деп ойлаймын. 3-4 жыл, орта мерзіммен 5 жылға дейін Өбекстан ЕАЭО кіруге нақты шешім қабылдайды", - дейді Man'o бастамаларды зерттеу орталығының директоры Бахтиёр Эргашев.

Өзбекстан "Еуразиялық бестіктің" қатарына қосылса, туризм, жеңілөнеркәсіп ісінде ұтатыны даусыз. Еңбек мигранттарына да жол ашылады. Одаққа мүше 5 мемлекетте өзбек жұмысшылары 30 күнге дейін арнайы квотасыз еңбек ете алады. Қазір көршіміз ұйымға ішкі байқаушы болу арқылы бұл елдермен тауар айналымын арттырған. 2021 жылы сауда көлемі 11,6 млрд долларға өссе, өткен жылдың он айында 16 млрд доллардан асып кетті.

"Қазақстан дәстүрлі түрде үшінші орынды ұстап тұр. Себебі Өзбекстанның сыртқы саудасының 7-8%-ы жыл сайын Қазақстанға кетеді. Ал 18-20%-ы Ресей мен Қытайға кетеді. Яғни, Өзбестан белсенді түрде ынтымақтастықты жүзеге асырады. Әлеуметтік-экономикалық салада ғана емес, ЕАЭО елдерімен мемлекеттік мәдени-гуманитарлық салада да", - дейді саясаттанушы Равшан Назаров.

Десе де жергілікті сарапшылар Өзбекстан одаққа мүше болуға әлі дайын емес, атқаратын жұмыстар жетерлік деп есептейді. Тұрмыстық техникалық тауарлар шығаруда, ауылшаруашылығы көлігін жасау ісінде үлкен нарықтың бәсекелестігіне шыдас бермеуі мүмкін дейді.

"Банк саласында үлкен проблемалар болады. Ол басынан түсінікті еді. Өзбекстанның банктік жүйесін түбейгелі өзгерту, трансформациялау, түрлендіру керек екенін, бәсекелестікке қабілеттілігін көтеру керек екенін мойындау керек. Сондықтан, қазір осы түрде  ЕАЭО қосылу банк секторына қысым болады", - дейді Man'o бастамаларды зерттеу орталығының директоры Бахтиёр Эргашев.

Одаққа бақылаушы болу арқылы Өзбекстан Қазақстан, Ресей, Арменя, Беларусь және Қырғызстанмен ортақ экономикалық байланыс жасауға мүмкіндік алды. Бұлай жалғаса берсе, еуразиялық бірлестікке тиімді болмайды, дейді сарапшылар.  Өйткені бестік те өзбек елінің нарығына енгісі келеді. Сондықтан, Ресей іргедегі көршімізге тездетіп шешім қабылдауға қолқалауы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу