Пәкістанда ұшақ апатында көз жұмған 97 жолаушының бәрінің денесі табылды

942

19 адамның кім екені анықталды.

Пәкістанда ұшақ апатында көз жұмған 97 жолаушының бәрінің денесі табылды

Пәкістандағы ұшақ апатынан 97 адам көз жұмды. Әуе кемесі Карачи қаласындағы тұрғын үй аумағына құлаған. Бұл туралы батыстық және Пәкістаннің жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары елдің денсаулық сақтау органдарының мәлімдемесіне сілтеме жасай отырып хабарлады.

Пәкістаннің Синд провинциясының қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің хабарлауынша, қаза болған барлық жолаушы мен экипаж мүшелерінің денесі табылып, 19 адамның кім екені анықталды.

Еске сала кетсек, Pakistan International Airlines әуе компаниясының Airbus 320 ұшағы Лахор қаласынан Карачиге ұшып бара жатып, жоспарлы қонуға аз уақыт қалғанда қаланың адамдар тығыз қоныстанған аймағында апатқа ұшырады.

"Құлаған борттан екі адам тірі қалды. Денесін күік шалып, бірнеше жерден сүйегі сынған азаматтар ауруханаға жеткізілді. Олардың жағдайы бір қалыпты. Ұшақ бортында барлығы 91 жолаушы мен экипаждың сегіз мүшесі болған. Оқиға орнында кемінде 11 тұрғын жарақат алып, бірнеше үй қирады", – дейді тараған ақпаратта.

Пәкістанның авиация министрі Гулам Хан апатқа ұшыраған ұшақ командирінің тәжірибесі мол әрі әуе кемесінің де техникалық ақауы болмағанын айтады. Ал апатқа ұшырар алдында ұшқыш диспетчерге борттағы техникалық ақаулар жайлы хабарлағаны белгілі болған. Dawn порталының мәліметінше, ұшақ қонуға екі-үш мәрте әрекет еткен.

Қазіргі кезде авиакомпания апат себептерін тергеуді бастады.

Пәкістанда коронавирустық пандемияға байланысты тоқтатылған коммерциялық әуе рейстері апаттан бір күн бұрын ғана қайта басталған еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу