Пандемия кезінде көлік апаты 20% азайған

651

11 айда 1754 адам жол апатынан көз жұмды.

Пандемия кезінде көлік апаты 20% азайған

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті 11 айдағы көлік апаттарына талдау жасапты.

"Жыл басынан бері ел аумағында 11 837 жол-көлік оқиғасы (2019 жылдың 11 айында 14 835) тіркелді. Тіркелген апаттар кезінде 17 193 адам зардап шекті (2019 жылы – 21 690). Оның ішінде 15 439 адам жараланды (2019 жылы – 19 579,)", - деп жазады комитеттің баспасөз қызметі. 

Органның статистикасына сенсек, жыл басынан бері жол апатынан 1754 адам қаза тапқан. Ал өткен жылдың 11 айында2111 адамның өмірі көлік апатынан қиылған. Зардап шеккендер арасында кәмелетке толмағандардың үлесі 3695-тен (2019 жылғы 11 ай) 2630-ға дейін төмендеген.  

Ресми мәлімет бойынша, биыл әсіресе қоғамдық көліктердің қатысуымен болатын апаттар айтарлықтай азайған.

"Қоғамдық көліктің қатысуымен болған ЖКО көрсеткіштерінің айтарлықтай төмендеуі орын алды. 2020 жылдың 11 айында 173 ЖКО болып, 18 адам қаза тапты және 228 адам жараланды. 2019 жылғы 11 айда 327 ЖКО тіркеліп, 52 адам қаза тауып, 592 адам жарақат алды", - деп жазылған ресми мәліметте.
Биыл тіркелген көлік апаттарының 86 пайызы жүргізушілердің кінәсінен болды деп қорытынды шығарылған екен. Оның ішінде 493 оқиғаға тізгіншінің мастығы себепкер болған.

Адам өміріне мейлінше қауіпті болған көлік апаттарының төрттен бірі Алматы қаласында тіркелген көрінеді (2930 факті). Мұны ресми орган мамандары оңтүстік мегаполисте көлік шоғырының өзге өңірлерден әлдеқайда көп болуымен байланыстырып отыр. Нұр-Сұлтан қаласында 425 оқиға, Шымкент қаласында 259 оқиға адам қазасымен немесе жарақаттанумен аяқталған. 

Көлік апаты ең аз тіркелген өңірлер – Солтүстік Қазақстан (205) мен Атырау (215) облыстары.

Ресми деректе айтылған статистикаға қарап көлік апттары 20 пайызға азайса, жолдардың сапасы жақсарып, жүргізушілердің тәртібі түзелді деген қорытынды шығаруға болатын еді. Бірақ биылғы пандемия кезінде облыс пен облыстың, аудан мен ауданның, ауыл мен ауылдың арасында қатынау шектелгенін ескеру керек. Төтенше жағдай кезеңінде барлық қалалардың аумағында блок бекеттер қойылса, пандемияның соңғы толқынында солтүстік пен шығыстағы өңірлерге кіріп-шығу екінші мәрте шектелген болатын. Осы жайттарды ескеріп, жалпы елдегі көлік қатынасының шектелуі көлік апатының санын азайтты деуге болады.

Есжан Ботақара
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу