Елордадағы Байқоңыр ауданының экс-әкімі Асқар Есілов сотталды, деп хабарлайды қалалық соттың баспасөз қызметі.
17 ақпанда Есіл ауданы №2 аудандық сотының үкімімен Нұр-Сұлтан қаласы "Байқоңыр" ауданының бұрынғы әкімі А.С.Есілов 515 000 теңге тұратын ұялы телефон түрінде пара алғаны және футбол алаңдарының құрылысы бойынша қосалқы мердігерлік жұмыстарды алуға жәрдем бергені үшін (ҚК 366-бабының 2-бөлігі), ал кәсіпкер С.С.Нұртазин пара бергені үшін (ҚК 367-бабының 2-бөлігі) кінәлі деп танылды.
"Сотталушылардың жасаған қылмысы үшін өкініп, кінәсін мойындағанын, асырауында жас балалардың барын ескере отырып, іс жеделдетілген сотқа дейінгі өнідірісте тергеп-тексерілді. Сот отырысы барысында прокурор А.С.Есіловке – 15 450 000 теңге және С.С.Нұртазинге – 7 725 000 теңге көлемінде айыппұл салуды сұрады" делінген хабарламада.
Сот үкімімен А.С.Есілов – 15 450 000 теңге, С.С.Нуртазин – 7 725 000 теңге көлемінде айыппұл төлейтін болды.
Екі сотталушы да мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Айыппұлды төлеуден бұлтарған жағдайда аталмыш жаза түрі бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылады.