Павлодар облысында көктемде басталған дезинсекциялық шаралар аяқталды. Оның нәтижесі өңірдегі қансорғыштардың қатары әжептеуір сирегенін көрсетті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Соңғы үш жыл дересінде шыбын-шіркейге қарсы күрес жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Оның нәтижелі екенін мына көрсеткіштен де байқауға болады: былтыр дезинсекциялық шаралардың тиімділігі 84,1%-ды құраса, биыл 90%-ға жетті.
Жергілікті табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, мұндай көрсеткішке жету үшін мердігер ұйымдар мен мамандар біраз тер төкті. Өңдеудің түр-түрін жүргізді.
Айталық, арнайы мамандар 448 рет аспанға көтеріліп, жоғарыдан жайылманың 172 мың гектарын өңдеді. Оның ішінде 293 рет биологиялық препарат, 155 рет химиялық препарат шашты. Бұл бағыттағы жұмыстар облыстың барлық ауданына бөлінген 10 ұшақтың қатысуымен атқарылды. Ал жету қиын аумақтарда бүріккіштермен қолмен өңдеу әдістері қолданылды.
Сол сияқты шыбын-шіркей санын азайту үшін өзен-көлдер де өңделді. 13 мамыр мен 5 маусым аралығында өзен-көлдерде үш кезеңнен тұратын биологиялық өңдеу жүргізілді. Бұл жұмыстарда 300 мың литрден астам биопрепарат қолданылып, өңдеу тиімділігі 84,4%-ды құрады.
Павлодар қаласы мен Ертістің сол жағалауында барьерлік дезинсекция қолға алынды. Жағалау маңында орналасқан 66 елді мекен де қамтылды. Биыл алғаш рет жағалау өңдеуі қайықтар арқылы атқарылды. Жұмыс барысында түтін генераторлары, заманауи жабдықтар пайдаланылып, әр ауданда кемінде 25 дезинсектордан тұратын мобильді бригада тартылды. Осылайша, мамандар қансорғыштар санын азайту үшін суда да, жерде де, тіпті әуеде де өңдеу жұмыстарын жүргізді.
Оның нәтижесін жұртшылық бірден байқап, оң бағасын берді.
"Осыдан төрт-бес жыл бұрын ауылда шыбын-шіркей күрт қаптап, далаға шығудан қалған едік. Бау-бақшаны суару, төрт түлікті өрістен күтіп алудың өзі қиындады. Бәрінен де үй құстары мен ит-мысыққа обал болды. Шіркейлер оларды аямай талады. Адамдар қансорғыштардан үйде тығылды. Бірақ соңғы үш жылдың көлемінде мұндай проблема артта қалды. Сәуір, мамырдан бастап көше-көшені, ауылдағы өзен жағалауын өңдеудің арқасында көзіміз "шайдай" ашылды. Бұрынғыдай буып тұрған маса жоқ. Жазғы уақытта далада барлық шаруамызды емін-еркін атқарып аламыз", – дейді Ақтоғай ауданының тұрғыны Раушан Омарова.
Шынымен, соңғы жылдары тұрғындардан масаға қатысты шағымның азайғанын аңғаруға болады. Сандарды сөйлетер болсақ, 2022 жылы тұрғындардан 1 317 шағым түскен. 2023 жылы осындай 151 наразылық болса, былтыр 83 шағым тіркелді. Биыл оның саны тағы екі есе азайып, тұрғындардан масаның көптігіне қатысты бар болғаны 46 шағым қабылданды.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов мұны нәтижелі жұмыстың көрсеткіші деп бағалады.
"Биыл дезинсекциялық шаралардың тиімділігі айтарлықтай артты. Халық тарапынан шағым өте аз түсті деп айтуға болады. Бұл – мұқият және тиянақты жұмыстың айқын көрінісі", – деп атап өтті Асайын Байханов.
Осы нәтижені ескере отырып, алдағы үш жылда әуеден өңдеу көлемін 172 мың гектар деңгейінде сақтау жоспарлануда. Облыс әкімі бұл бағыттағы жұмыстың қарқынын төмендетпеуді, келесі маусымға дайындықты қазірден бастауды тапсырды.