Павлодарда биыл 900-ге жуық оқушы аттестатпен бірге жүргізуші куәлігін алады

939

Павлодарда биыл 900-ге жуық оқушы аттестатпен бірге жүргізуші куәлігін алады

Павлодарда биыл оқу жылы аяқталысымен 32 мектепте 11-сыныптың 899 оқушысы аттестатпен бірге жүргізуші куәлігін алып шығады. Олардың 469-ы ұл болса, 420-ы – қыз бала, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары Галина Шиндлярская мәлім етті.

"№ 1 оқу-өндірістік комбинатының материалдық-техникалық базасы толық сақталған. Жол қозғалысы ережесі бойынша сегіз кабинет, алғашқы медициналық көмек көрсететін екі кабинет жұмыс істейді. Автомобиль паркінде жеті жеңіл көлік пен төрт жүк көлігі бар. Оқыту үрдісі кезінде оқушыларға көлік құралдарын жүргізуді 12 ұстаз үйретеді. Олардың барлығы арнайы курстан өткен және куәліктері мен жоғары техникалық білімі бар. Оқу "В" санатындағы көлік құралдары жүргізушілерін дайындау бойынша технология пәні есебінен жүргізіледі. Курсты сәтті аяқтап, емтихан тапсырғаннан кейін жүргізуші куәлігі беріледі. Бұдан әрі түлектер мемлекеттік автоинспекциясында емтихан тапсырады да жүргізуші құқығына ие болады, – дейді Галина Шиндлярская.

Статистикаға сүйенсек, соңғы бес жылдың ішінде 3000-нан астам оқушыға жүргізуші куәлігі табысталған. Мәселен, 2013 жылы – 905, 2014 жылы – 800, 2015 жылы – 655, 2016 жылы 689 түлек көлік жүргізді меңгерген. Бұл оларға 18 жасқа толғаннан кейін көлік құралын басқару құқығын береді.

Еске сала кетейік, ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев 2017 жылдан бастап елімізде оқушылар алғашқы әскери дайындық сабағында көлік жүргізіп үйренетіні туралы айтқан болатын. Мұндай жаңашылдық көшелерде баланың жарақаттану оқиғаларын азайтуға мүмкінді береді. Бұл ұсынысты Қорғаныс министрлігі де мақұлдаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу