Павлодарда қоғамдық көлік жүргізушілері жұмысқа шықпай қойды

730

Павлодарда қоғамдық көлік жүргізушілері наразылық танытуда. Олар сараланған тарифтің енгізілуіне және электронды төлем жүйесіне қарсы.

Павлодарда қоғамдық көлік жүргізушілері жұмысқа шықпай қойды

"Табысымыз шығынды жаппайды", деген шағын автобус жүргізушілерінің жұмысқа шықпауынан жолаушылар аялдамаларда күтіп қалды.

Жұмысқа шығудан бас тартып жатқан бұл топ қаладағы шағын  классты қоғамдық көлік жүргізушілері. Желтоқсаннан бастап оларға жүргіншімен ақшалай есеп айырысуға тыйым салынған. Ал, электронды төлемге көшкелі жанар жағармай сатып алатын теңгеге жарымай қалды. Содан болып жүргізушілердің біразы жұмыстан кеткен.  

"Қалада машина қалған жоқ. Жүргізушілер жұмысты тастап, кетіп жатыр. Өйткені, бізде машинаны қамтамасыз ететін ақша жоқ", дейді Қоғамдық көлік жүргізушісі Дәурен Мұқатаев.

Сараланған тарифтің енгізілуі де жүргізушілердің көңілінен шықпайды. Қаншама жыл жолақыны көтеруге ұсыным бергенде қабылдамай келген еді. Енді, смарт жүйесін іске қосқалы жол жүру ақысы да көтерілген. Ал, жүргізушілерге одан түсетін табыс жоқ. Оның үстіне, олар үшін субсидия қарастырылмаған.   

Жүргізушілердің жоғын жоқтап қоғам белсенділері де жүр. Олар да жақында әлеуметтік желі арқылы мемлекет басшысына үндеу жолдаған. Мәселе шешімін таппаса Астанаға ат шалдырамыз дейді. 

"Біздің ұйымымызға күніне жүзден аса шағымдар түсуде. Олар жүргізушілер, кондукторлар және жолаушылар. Барлығы да электронды төлем жүйесіне наразы. Бірінші желтоқсаннан сараланған тариф енгізілгелі шағымдар тіптен көбейіп кетті", дейді Қоғам белсендісі Надежда Казакова.

Қоғамдық көлік жүргізушілерінің жұмысқа шықпай қалуынан аялдамаларда автобус күткен адамдардың нөпірі көп. Жұмысынан немесе оқуынан кешіккендер таксимен жүруге мәжбүр. 

Жергілікті әкімдік өкілдері де келіп жүргізушілерді райынан қайтармақ болған. Әйтсе де, әбден ашынған олар жұмысқа шығудан үзілді кесілді бас тартты. Шенділер келісімге шақырамыз дейді. 

"Біз қазір таксопарктің басшылары сөйлесетін боламыз. Жүргізушілермен келіссөз өткізіп, шағын автобустарды қайтадан жұмысқа шығарамыз. Бұл мәселені жақында жүргізушілермен дөңгелек үстел басында талқылаймыз", деді Қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының м.а. Қайырболат Найманов.

Қала билігі 26-желтоқсанда салаға жауапты барлық ұйымды және жүргізушілерді жинап ақылдаспақ. Ал, қоғамдық көлік тізгіндегендер мәселе шешімін таппаса Президентке барамыз деп бекініп отыр.  

Есенбек Санатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу