Павлодарда алкогольдік ішімдік кесірінен жасалатын қылмыс 30 пайызға азайған. Қалалық прокуратура, жергілікті атқарушы билікпен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, "Ішімдіксіз қала – қауіпсіз қала" жобасын жүзеге асырып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Қылмыстың алдын алуға бағытталған шара барысында облыс орталығында 15 рейд өткізіліп, 50-ден астам сауда орны тексерілді. Нәтижесінде, көбісінің тыйым салынған уақытта арақ-шарап сатқаны анықталды. Сондай-ақ заңсыз саудаланған мыңнан астам алкогольді өнімдер тәркіленген. Мастықпен қылмыс жасайтындарды анықтауға кез келген адам атсалыса алады. Ол үшін әлеуметтік желіде тұрғындардан ақпарат қабылдайтын арнайы парақша ашылған.
"Статистикалық мәліметтерге сәйкес, әрбір төртінші құқық бұзушылық ішімдікке бой алдырған адамның қолымен жасалады. Бұл – өте ауқымды көрсеткіш. Жаңа жоба қылмысты төмендетуге септігін тигізіп отыр. Сондықтан нәтижелі жұмыстарды бұдан ары да жалғастыра бермекпіз", – қала прокурорының орынбасары Саят Асайынов.