Павлодарда өткен ғасырдан бері жекешелендірілмеген пәтерлер бар

1323

Павлодарда өткен ғасырдан бері жекешелендірілмеген пәтерлер бар

Ертіс өңірінде екі ай бұрын іске қосылған "Меншік құқық иесі" жобасы жемісін беріп отыр.  Қыркүйек айынан бастап 20 азамат өздеріне тиесілі пәтерлерін заңдастырған, деп хабарлайды BNews.kz.

Айта кетейік, павлодарлық прокурорлар бастама болған игі іс екі айға шақталған еді.  Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда мыңдаған павлодарлық кезінде жұмыс берушілерінен алған баспаналарын жекешелендіре алмай жүр. Себебі, тиісті құжаттар мұрағаттарға тапсырылмаған. Бүгінде олардың қолдарында ордерлерден басқа құжат жоқ.

Десе де, 90-жылдан бері үйлерін заңдастыра алмаған азаматтар қағазбастылықтан қашып, асығар емес. Сондықтан, мамандар жобаның мерзімін ұзартып, үрдісті барынша оңтайландырған. Бүгінгі күнге дейін 20 азамат пәтерлеріне меншік құқығын дәлелдеген. Бірнеше күннің ішінде тағы 20 тұрғынның өтініші арнайы комиссияның қарауына жолданып, мәселе оң шешілмек. Тағы 130 адам кеңес алып, құжаттарын жинастырып жатыр. 

Баспаналарын заңдастыра алмағандардың дені – кезінде мемлекет қорынан пәтер алған жұмыскерлер. Олардың басым бөлігі – өткен ғасырдың 80-90-жылдары өндірістік кәсіпорындар тарапынан баспанаға иесі атанғандар. Зауыттар дағдарыс кезінде жабылып қалғандықтан, қолда бар құжаттар пәтерде заңдастыруға жеткіліксіз болып қалған. Сондықтан, күрмеуі қалың мәселені шешуге жергілікті прокуратура  өкілдері араласты.

"Баспаналарын заңдастыра алмай жүрген азаматтар белсенділік танытса деген тілегіміз бар. Қазіргі таңда Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне 130 адам кеңес алуға келді. Тағы 20 азаматтың мәселесі комиссияның қарауына жолданды. Қолда бар құжаттарын тезірек тапсырса, пәтерлерін аз уақыт ішінде жекешелендіруге мүмкіндік бар. Қадағалау органдары мен тұрғын үй шаруашылығы саласының мамандары көмекке келуге әзір. Заңдастыру үрдісі барынша оңтайландырылды", –  дейді Павлодар қалалық прокуратурасының бөлім басшысы Сократ Жүрсінов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу