Павлодар қаласындағы №28 орта мектеп отқа оранды. Бүгін таңғы 08.04-те "101" пультіне Торайғыров көшесінде орналасқан #28 мектептің төбесін қызыл жалын шарпығаны туралы хабар түсті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Қазіргі уақытта оқиға орнында 70-тен астам адам мен 10-нан аса техника жұмыс істеп жатыр. Оқу орнынан 576 адам эвакуацияланды. Олардың 551-і – оқушылар. Зардап шеккендер жоқ.
Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов мектептердегі өрт қауіпсіздігі қатаң бақылауға алынатынын айтты.
– Бұл – бір апта ішінде мектепте орын алған екінші өрт оқиғасы. Өрт қауіпсіздігі саласындағы жағдайды мұқият қарайтын боламыз, – деді Әбілқайыр Сқақов.
Төтенше жағдай департаменті өрт шарпыған аумақ пен келтірілген залал көлемі туралы қосымша хабарлайтын болады.
Еске сала кетсек, Павлодарда 15 сәуір күні №1 жалпы орта білім беру мектебінде де өрт болған еді. Бес оқушыға сол жерде көмек көрсетіліп, үшеуі ауруханаға жатқызылды. ТЖД бұл білім мекемесінде өрт қасақана қойылғанын хабарлаған еді.
Құндыз Қабылденова