Павлодардағы күл жинаушылар 1,5 шақырым жерді қазып тастаған

1888

Күлдің құрамындағы алюмосиликатты микросфералар мұнай, құрылыс, медицина, әскери өндіріс пен электроника салаларында зор сұранысқа ие.  

Павлодардағы күл жинаушылар 1,5 шақырым жерді қазып тастаған

Бұған дейін облыс тұрғындары Ақсу қаласының маңындағы күл үйіндісін қопарып, микросфера іздеп жүргенін жазған едік. Соңғы деректерге сүйенсек, осыған байланысты жергілікті полиция қызметкерлері 30 адамға қатысты әкімшілік іс бастады. Олардың алтауына 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.

Жалпы, бір айға жуық уақыт аралығында күл жинаушылар 1,5 шақырым жерді қазып тастапты. Ал күл үйілген аумақтың жалпы көлемі қанша екені белгісіз. Оны Ақсу қаласының әкімдігі таяу арада анықтауға тиіс.

Сонымен қатар, ірі жүк көліктерінің аталмыш аумаққа кіруіне тосқауыл қойылды. Техникалар бұрынғыдай емін-еркін кіріп, жерді қаза алмайды. Осындай әрекеттерге қарамастан, күл саудасынан нәпақа тауып жүргендер жұмысын тоқтатқан жоқ. Үйінді аумағында жүздеген адам мен ондаған техника жиналмаса да, оннан астам тұрғын әлі күнге дейін қап пен күректі қолға алып, жер қопаруда.

Айта кету керек, аталмыш аумаққа жақын маңнан жүк және жолаушылар пойызы өтеді. Айналаның бәрі қазылып тасталғандықтан, теміржол көліктері жылдамдықты төмендетуге мәжбүр. Қарапайым тұрғындар болса, микросфераларды іздеушілердің әрекеттері қоршаған ортаға зиян болып, адам денсаулығына кері әсерін тигізе ме деп қауіптеніп отыр.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу