Павлодардың Затон ауданында жылу мен су жоқ

1016

Ескі екіқабатты үйлер құлаудың шақ алдында тұр.  

Павлодардың Затон ауданында жылу мен су жоқ

Павлодар қаласындағы Затон шағын ауданында 10-ға жуық екіқабатты ескі үй бар. Олардың барлығы өткен ғасырдың ортасында ағаштан уақытша салынған еді. Алайда арада жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де бұл баспаналардың сүрілетін түрі жоқ. Пәтерлер орталықтандырылған жылу, су, кәріз жүйелеріне де қосылмаған. Сондықтан тұрғындарға қаланың қақ ортасында қыс бойы от жағып, күлді далаға шығарып, суды құдықтан тасып, қайта сыртқа төгуден басқа амал қалмай отыр.

Жергілікті жұртшылық соңғы 10 жыл дересінде әбден титықтатқан бұл мәселені облыс пен қала басшылығына талай рет айтып, мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырғанмен, түйткілдің түйіні тарқар емес. Сондықтан пәтер иелері бір күні үйіндінің астында қаламыз, ыс тиіп уланамыз  деп қауіптеніп отыр. Күн сайын бұл қауіптері сейілудің орнына күшейіп келеді.

"Мен бұл үйде 20 жылдан астам уақыт тұрамын. Қаладағы баспана деген аты ғана бар. Жаһандану заманында өмір сүрсек те өркениетке қол жеткізе алмай келеміз. Бұл үйлерді сүріп, орнына жаңа баспаналарды салу туралы мәселені бірнеше рет көтердік. Әттең, өтінішімізді еститін құлақ жоқ. Оған да көндік. "Тым құрығанда жылу мен кәріз жүйесін тартып берсеңіздер" деген базынамызды да білдірдік. Тағы тым-тырс. Бұл үйлердің бірі құлаған кезде ғана билік іске кірісер, бәлкім", - дейді тұрғын Гүлжайнат Мусина.

Былтыр Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов ескі үйлердің орнына жаңа 10 көпқабатты баспана салынатынын айтып еді. Бірақ бұл жоспардың нақты қай уақытқа іске асатынын атап көрсеткен жоқ. Таяуда Затон шағын ауданының тұрғындарымен жүздескен облыс орталығының басшысы Ержан Иманслям да қордаланған мәселенің шешілер сәтін дөп басып айта алмады.

"Заңнамаға сәйкес, ескі үйлерді сүру үшін алдымен ондағы тұрғындарға уақытша тұратын баспана ұсынуымыз тиіс. Бірақ дәл қазіргі уақытта екіқабатты үйлердің тұрғындарын орналастыратын пәтерлер жоқ. Сәйкесінше, олардың баспанасын бұзып, орнына жаңасын сала алмаймыз. Бұл мәселені кезең-кезеңмен шешеміз", - дейді Павлодар қаласының тұрғыны Ержан Иманслям.

Жергілікті билік Затон шағын ауданының тұрғындарына пәтерлер ұсынып, олардың үйлерінің орнына жаңа көпқабатты баспана салатын инвесторларды іздеп жатқан көрінеді. Әзірше бұл бағыттағы жұмыс нәтижесіз. Құрылысқа қомақты қаржысын құюға дайын кәсіпкер табылғанға дейін жұртшылық от жағып, су тасып күнелтуге мәжбүр. Бұл уақыт аралығында қабырғасы сөгіле бастаған үйлердің төбелері опырылып түспесе игі еді.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу