Павлодарлық кәсіпкердің ешкілері аспергиллезге дертіне шалдығып жатыр

900

Павлодарлық кәсіпкердің ешкілері аспергиллезге дертіне шалдығып жатыр

Павлодар ауданының Жаңақала ауылында ешкі өсірумен айналысатын "Дауа" шаруашылығы кәсібінің нәсібін көрмей жатып тығырыққа тірелді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Былтыр ғана құрылған "Дауа" шаруа қожалығының жетекшісі Мая Бахриденова 2016 жылдың күзінде мемлекет тарапынан 2 млн 700 мың теңге несие алып, 50-дей ешкі сатып алған. Өкінішке қарай, жануарларға бұрын соңды атын естімеген ауру тиіп, 19 бас қыстан шықпай қырылып қалған. 

"Ветеринарлар малға сапасыз шөп бергеннің кесірінен осындай жағдай орын алды деп отыр. Өздеріңіз білесіздер, өткен жылы жазда жаңбыр көп болып, тоғайдың шөбі шіріп кетті. Өлген малдың етін және жеген жем-шөбін зертханаға сараптама жасатуға жіберген едік. Мамандар "аспергиллез" ауруы тигенін анықтады. Мұндай дертке шіріген шөп жеудің салдарынан шалдығады екен, - дейді Мая Бахриденова.

Кәсіпкер қалған малын жер көктеп, өзіндігімен жайылымға шығатын уақытқа жеткенше қалай аман сақтап қаларын білмей тарығып отыр. Себебі қайта шөп сатып алайын десе, бір көлігінің өзі 40 мың теңгеден түспейді. Әрине, тарыққан адамға аз ақша емес. Оның үстіне ветеринарлық қызметтің бағасы да удай қымбат. "Бізге ветеринар мамандардың өзі тегін қызмет көрсетпейді. Мәселен, үйге шақыру үшін оның келіп кету жолына немесе көлігіне бензин құю үшін ақша төлеу керек. Сонымен қатар, малға екпе салдыру үшін бір басқа 500 теңге сұрайды. Тіпті, кейбір мамандар уақытында келмейді. Ал, жаңа құрылған шаруашылық болған соң жарты жылдың өзіне 30 мыңнан астам салық төледік. Мұндай ауыртпалықтан кейін шағын бизнес қайдан алға жүреді? Алғаш бастаған кезде ешкінің сүтін сатып, қысқа қажетті мал азығын аламыз, несиеден құтыламыз деп ойлағанбыз. Алайда, мұны түсімізде ғана көретін болдық. Басында бір литрін 700 теңгеден сата бастаған болатынбыз. Бірақ, ешкі сүтін пайдаланатын адамдардың қатары сирек. Нарықта сұраныс өте аз. Одан түскен ақшамен несие жаппақ түгілі жем-шөбіне де жеткізе алмадық.Көпшілігі оның пайдасын білмейтін секілді. Сондықтан, ешкі сүтінің құрамында қандай дәрумен барын жұртқа насихаттау керек", – дейді кәсіпкер.    

Енді "қалған малымды көктемге қалай іліндіремін" деп "басы қатқан" шаруаның жергілікті әкімдіктен сұрайтын жалғыз өтініші бар. Ол -  ветеринарлық қызметтің бағасын арзандатып, қосымша жем-шөп алу үшін қаржылай қолдау көрсету.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу