Педиатр мамандарын даярлау қайта қолға алынады

1753

Педиатр мамандарын даярлау қайта қолға алынады

Үкіметтің бүгінгі отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов педиатрларды даярлау мәселесін көтерді, деп хабарлайды egemen.kz.

"Бүгінде бала денсаулығын қорғау саласында қордаланып қалған мәселелер де бар. 2007 жылда медициналық жоғары оқу орындары маман даярлаудың жаңа жүйесіне көшкен болатын. Осының салдарынан педиатрия факультеті жалпы медициналық бағытқа кіріп кеткен. Енді, педиатр болу үшін резидентураны бітіру керек. Сол себепті түлектер педиатрия сияқты мамандыққа көп қызықпайды", – деп түсіндірді И.Тасмағамбетов.

Ресми мәліметке сәйкес, 2012 жылы бес медициналық жоғары оқу орнында 742 педиатр даярланса, 2013 — 423 педиатр, ал 2014 тек 4 адам ғана педиатр болып шыққан.

"Соның салдарынан қазірдің өзінде педиатрлардың тапшылығы сезіліп отыр. 2012 жылы 10 мың адамға 4 педиатр келсе, өткен жылы аталған көрсеткіш үшке дейін азайды. Ал Атырау, Батыс Қазақстан мен Павлодар облыстарында 10 мың ауыл xалқына бір-ақ педиатр қызмет көрсетеді. Осыған байланысты қоғам ішінде үлкен алаңдаушылық бар. Сондықтан келесі жылдан бастап медициналық жоғары оқу орындарында педиатрия факультеттерін ашуды ұсынамын. Тиісті тапсырма беруіңізді сұраймын", – деді И.Тасмағамбетов.

И.Тасмағамбетовтің бұл ұсынысына орай Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев педиатриялық факультеттерді қайта құруды тапсырды.

"Балалар дәрігері, педиатрларды даярлау туралы сұрақтар өте орынды көтерілуде. Дәрігерлер қателігінің құны өте жоғары. Ол балаларға қатысты болса тіпті ауыр. Сондықтан барлық ұсыныстарды қолдай отырып, барлық медициналық оқу орындарында педиатриялық факультеттерді қайта құруды тапсырамын. Келесі жылдың қыркүйегінен бастап, педиатрларды даярлауға кірісуіміз қажет. Бұндай мәселелерде бізге эксперимент жасауға болмайды. Адамдар күтіп отыр. Сондықтан осы бағытта нақты жылжуымыз керек", – деді Б.Сағынтаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу