Тергеу материалдарында Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаеваның алдын ала сөз байласу арқылы топ болып әрекет еткені айтылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оларға қатысты қылмыстық іс бойынша сотта прокурорлар алаяқтық, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру және азаматтардың сенімін асыра пайдалану фактілерін қамтитын айыптау актісін жария етті.
Перизат Қайрат Астанада тіркелген "Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" қоғамдық бірлестігін құруды бастаған.
Айыптау бойынша, ол құрылтайшылардың қолтаңбаларын қолдан жасап, банк шоттарын өз атына және анасының атына ашып, әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс жүргізіп, қайырымдылыққа ақша жинаған. Кейін бұл қаражаттар қолма-қол ақшаға айналдырылып, жеке қажетіне, яғни қымбат заттар сатып алуға, саяхат пен жылжымайтын мүлікке жұмсаған.
Айыптауда 2021 жылы Перизат Қайрат мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығын салу мақсатында қайырымдылық аукционын ұйымдастырғаны айтылған. Осы шара барысында 21,6 млн теңге жиналған, бірақ оның елеулі бөлігі мейрамханаға, гүл алуға, киім-кешекке және жеке қажеттіліктерге жұмсалған.
2023 жылы ол Қазақстандағы Палестина елшілігімен Газа секторына гуманитарлық көмек жинау туралы келісім жасаған. Алайда, айыптау актісінде көрсетілгендей, жиналған 566 млн теңгенің тек 7,4 миллионы ғана мақсатты түрде аударылған. Қалған қаражатқа Mercedes-Benz EQE көлігі, Sensata Plaza тұрғын үй кешенінен пәтер алған және басқа да жеке шығындар жабылған.
2024 жылғы наурызда Қазақстанда басталған су тасқыны кезінде айыпталушылар, айыптау нұсқасы бойынша, азаматтардың эмоциялық күйін пайдаланып, тағы бір рет қаражат жинау науқанын бастаған. Жалпы 2,86 млрд теңге жиналған. Айыптауға сәйкес, бұл қаражат брендті киімдер, зергерлік бұйымдар, көліктер (оның ішінде Lexus пен Mercedes-Benz S 450), пәтерлер мен коттедждер сатып алуға, жөндеу жұмыстарына және шетелдік сапарларға жұмсалған.
Прокурордың мәліметінше, Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаева 1 млрд теңгеден астам қаражатты заңды айналымға енгізіп, мүліктердің бір бөлігін туыстарының атына рәсімдеген. Соның ішінде – 23 млн теңгеге сатып алынған "Rebel Flowers" гүл бизнесі де бар. Бұл бизнес кейін қосымша табыс көзіне айналған.
Бірақ, бұл айыптауларға Перизат Қайрат та, анасы Ғайни Алашбаева да келіспеді.
3 жыл аралығында анасы мен қызының қайырымдылық арқылы 3,4 млрд теңгені қалтаға басқаны белгілі болды.
Айыптау актісіне сәйкес, Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаеваға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (аса ірі көлемде, адамдар тобы болып жасаған алаяқтық) және 218-бабы 3-бөлігі 3-тармағы (қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын заңдастыру) бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген айып тағылып отыр.
Осыған дейін Перизат Қайраттың соты ішінара жабық өтетінін жаздық.