Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты іс сотқа жолданды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бас прокуратура П.Қайратқа және Г.Алашбаеваға қатысты қылмыстық істі мәні бойынша қарау үшін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына жіберді. Аталған адамдар Қазақстан Республикасының азаматтары мен ұйымдарынан мүгедек балаларға, сондай-ақ Қазақстанда су тасқынынан және Таяу Шығыстағы қақтығыстан зардап шеккен адамдарға қайырымдылық көрсету желеуімен жиналған 3 миллиардтан астам теңгені жымқыруда айыпталады", – делінген ресми ақпаратта.
Айта кету керек, бұған дейін Перизат Қайрат пен оның анасының ісі Бас прокуратураға жолданғанын жазған едік. Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Сенат кулуарында бұл іске қатысты пікір білдірді. Ол Перизат Қайрат анасымен бірге сотта жауап беретінін мәлімдеді.
Сәуір айында қылмыстық істі тергеу аяқталғанын хабарлағанбыз. Перизат Қайрат өзіне тағылған айыппен келіспей отыр.