Петицияда көтерілген мәселенің күрделігіне байланысты комиссия құру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл туралы депутат Жұлдыз Сүлейменова "AMANAT" партиясында өткен баспасөз конференциясында айтты, деп жазады inbusiness.kz.
"Петицияның проблемасы күрделі болатын болса, комиссия құрылуы қарастырылған. Сол комиссияның аясында Мәжіліс депутаттары, оның ішінде бірмандатты округтен, яғни көтеріліп отырған мәселеге қатысы бар өңірлердің депутаттары да сол комиссияға кіреді. Соның аясында бұл мәселенің шешімі кең ауқымда қарастырылатын болады", - деді ол тілшілердің сауалына берген жауабында.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахметтың сөзінше, петицияға қол жиналғаннан кейін мемлекеттік орган 3 күннің ішінде қажетті шешім қабылдауы керек.
"Егер де оңай шешілетін мәселе болса, онда шешімін айтуы керек немесе арнайы жұмыс тобын құрып, қажетті мамандармен, сарапшылармен ақылдасып, әділетті шешім қабылдауы керек", - деді ол.
Журналист одан "мәселе күрделі болған жағдайда петицияны қарау мерзімі ұзаруы мүмкін бе" деп сұрады.
"Оны қаралу мүмкіндігі бар. Ол Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі аясында белгіленген. Егер де қажетті ұзарту керек болса, онда сол арқылы шешуге мүмкіндік бар", - деп түйіндеді Мадияр Қожахмет.
Айта кету керек, бүгінгі таңда құжат Сенаттың қарауында жатыр.