Петропавл мектебіндегі шабуыл: Оқушылар ауруханадан шығарылды

438

Петропавлда мектепке қару алып келген сыныптасының шабуылына ұшыраған оқушылар ауруханадан шығарылды. 

Петропавл мектебіндегі шабуыл: Оқушылар ауруханадан шығарылды Фото: NUR.KZ

Бұл туралы СҚО әкімі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.

Өңір басшысы бұл жайттан кейін мектептердің қауіпсіздігін күшейту үшін қандай шаралар қабылданғанына тоқталып, балалардың жағдайы туралы қысқаша баяндап өтті.

"Бүгінде олардың барлығы ауруханадан шығарылды. Жағдайлары орташа. Дәрігерлік-консультациялық комиссия үйде бақылауды ұсынды. Бұл мәселе тұрақты бақылауда", - деді ол Үкімет басшысының сауалына берген жауабында.

Айдарбек Сапаровтың сөзінше, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты құқық қорғау органдары, әлеуметтік-психологиялық қызмет мамандары және білім беру ұйымдары басшыларымен балалардың қауіпсіздігін күшейту жөнінде кеңестер өтті. Оның қорытындысы бойынша қосымша профилактикалық шаралар кешені әзірленді. 

"Облыста 630 білім беру нысаны, оның ішінде 75 мың бала оқитын 465 мектеп бар. Сонымен қатар 76 балабақша жұмыс істейді. Ұйымдар бейнебақылау жүйесімен қамтылған. Облыс орталығында Полиция департаментінің жедел басқару орталығына талап етілген барлық 79 объект қосылған. Аудан орталықтарында да камералар полиция бөліміне шығарылған. Дабыл түймелері 178 нысанда орнатылған. Сондай-ақ, дабыл түймелерін қосымша орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұдан басқа қажетті мамандандырылған күзетпен қамтамасыз ету үшін биыл конкурстық рәсімдер жарияланды. 230 млн теңге бөлінді. Конкурстық рәсімдерді биылғы наурыз айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз", - деп түйіндеді спикер.

Еске салайық, 13 ақпанда Петропавл қаласындағы  мектепте төтенше жағдай тіркелді. Қару алып келген 9-сынып оқушысы үш баланы жарақаттады. Зардап шеккен екі бала облыстық ауруханаға жатқызылған болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу