Қазіргі уақытта белгісіз сұйықтықтан уланған тағы біреуі ауыр хәлде жатыр. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының полициясы мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Марқұмдар 48 және 52 жаста болған, ал ауруханаға жеткізілген үшінші ер адам – 75 жаста.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адамдар қоқыс контейнерінен бөтелке тауып алып, ішіндегі белгісіз сұйықтықты ішіп қойған болуы мүмкін. Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
Дәрігерлер уланған үшінші науқастың өмірін сақтап қалу үшін күресіп жатыр. Бөтелкеде нақты қандай сұйықтық болғаны және өлімге не себеп екені сараптамадан кейін анықталады.
Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.
"Ер адамдар көпбейінді қалалық ауруханаға шамамен бір сағат аралықпен түскен. Үшеуі де өзін жайсыз сезініп, құсып, ентіккен. Сондай-ақ әлсіздік пен айналасын бағдарлай алмау белгілері байқалған. Бірінші науқас ауруханаға түскеннен кейінгі алғашқы тәулікте қайтыс болды. Екінші ер адам үшінші тәулікте көз жұмды. Қазір үшінші науқастың жағдайы ауыр деп бағаланып отыр", – деді СҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнәр Қалиева.
Сараптама нәтижесі шығып, оқиғаның мән-жайы анықталғаннан кейін тиісті процестік шешім қабылданады.