Петропавлда су құбыры жарылды

710

Бүгін түнде Петропавлда суық су құбыры жарылып, апат болды. Салдарынан бірнеше шағын аудан сусыз қалды.  

Петропавлда су құбыры жарылды Фото: egemen.kz

Таңғы сағат 4.00 шамасында Петропавл әкімі Руслан Аңбаевтың әлеуметтік желідегі парақшасында облыс орталығында тағы да су құбыры жарылғанын мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz.

"Түнде Петропавлдағы 314-ші атқыштар дивизиясында су құбыры жарылды. Қазіргі уақытта учаскеде жұмыстар басталып кетті. Барлық күш жұмылдырылды. Су қысымы алдағы бірнеше сағаттың ішінде қалпына келеді. Жұмыс барысын бақылауда ұстап отырмын", - деп жазды Руслан Аңбаев.

Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, түнде 314-ші атқыштар дивизиясы көшесінде диаметрі 800 мм суық су құбыры жарылған.

Қазіргі уақытта ақау шыққан жер анықталды. Оқиға орнында "Қызылжар су" ЖШС авариялық бригадасы жұмыс істеп жатыр. Осы апатқа байланысты Петропавлға Бескөл елді мекені жағынан кіре беріс жабылды. Мамандардың айтуынша, арнайы техника шығарылып, су сору жұмысы жүргізіліп жатыр.

"Қызылжар Су" ЖШС-нің баспасөз қызметінің мәліметінше, жарылған су құбырының пайдалануға берілгеніне небары 15 жыл болған. Яғни, әлі ескіре қоймаған.

Қазіргі уақытта Петропавлдың барлық ауданында су бар. Тек апатқа жақын орналасқан Жұмысшы кенті мен "Береке" шағын ауданында су қысымы төмендеген.

Естеріңізге салсақ, 1 желтоқсанда Петропавлдағы М.Жұмабаев көшесінде диаметрі 800 мм су құбыры жарылып, 15 көп қабатты үй мен әлеуметтік, комерциялық нысандар тәулікке жуық сусыз отырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу