Pfizer компаниясының атқарушы бас директоры Альберт Бурла осы компанияның акцияларын 5,6 млн долларға сатып жіберді. Өйткені Германияның BioNTech компаниясымен бірлесе жасаған коронавирусқа қарсы вакцинаның сынағы сәтті өтті деген жаңалық жарияланғаннан кейін компания акциялары күрт қымбаттап кеткен еді.
Ресми дерек бойынша Бурла 132,5 мың акция сатқан. 9 қарашада бағалы қағаздардың бағасы 15%-ға өсіп, 41,94 долларға жеткен болатын. Қазір олар 38,83 долларға саудаланып жатыр.
Еске сала кетсек, бұған дейін BioNTech препарат сынағының үшінші кезеңінің нәтижесін жариялады. Ол бойынша екпе вирус жұқтыру қаупін 90%-ға төмендететін көрінеді. Енді қос компания препаратты ресми түрде тіркеу үшін тиісті құжаттарды АҚШ-қа жібереді. Еуроодақ болса, қос компания бірігіп жасаған вакцинаның 300 млн данасын сатып алмақ.
Табиғат Нұрболат