Сотталушыға Қылмыстық кодекстің 380-бабы 5-бөлігі бойынша айып тағылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Оқиға Шымкент қаласының Әйтеке би көшесінде болған. Көлігін жүргізіп келе жатқан азаматты полиция инспекторы тоқтатқан.
Ол бағдаршамның тыйым салатын белгісіне өтуіне байланысты хаттама толтыруды ұсынған. Алайда, жүргізуші инспектордың заңды талабын орындаудан бас тартып, оқиға орнынан қашып кетуге әрекеттенген.
Полиция инспекторының қауіпсіздік шаралары ретінде көліктің жолын жабуға тырысқанына қарамастан, жүргізуші көлігін тоқтатпай, полицейді бірнеше метрге сүйреп өткен.
Сот талқылауы барысында айыптау тарапынан барлық дәлелдер ұсынылып, сотталушының кінәсі толықтай анықталды.
Жаза тағайындау кезінде сотталушының өз ісіне өкініп, 2 жасөспірім баласының барын ескерді. Алайда, ол әрекетін есірткіге мас күйінде жасағаны ауырлататын мән-жай ретінде есептелді.
Сот нәтижесінде, сотталушы Қылмыстық кодекстің 380-бабы 5-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.