UFC шебері Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гүлайым Рахмонова жол апатына түскенін жазған едік.
Жамбыл облысының полиция департаментi оқиғаға қатысты ресми түсінік беріп, оқиға орнынан түсірілген бейнежазбаны жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, 27 шілдеде сағат 08:50 шамасында республикалық маңыздағы "Алматы-Екатеринбург" автожолының 299-шы шақырымында "Toyota Land Cruiser 200" көлігінің жүргізушісі тізгінге ие бола алмай, автокөлік аударылып кеткен. Көлік Қарағанды облысы жағынан Алматы қаласы бағытына қарай келе жатқан.
"Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам қаза тауып, тағы екі адам ауруханаға жеткізілді. Аталған дерекке қатысты "Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соғуы" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", – делінген хабарламада.
Жол апатының мән-жайы анықталып жатыр. Көлік арнайы тұраққа қойылды.