Полиция заңға қандай өзгеріс енгізілгенін түсіндірді

2680

2021 жылдың 10 ақпанынан бастап қазақстандық жүргізушілер көлік жүргізу куәлігі мен техникалық төлқұжатты өзімен бірге алып жүрмесе де болады.

Полиция заңға қандай өзгеріс енгізілгенін түсіндірді

Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті жүргізушілерге өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжатты неге алып жүру керегін түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Департамент 2021 жылдың 1 ақпанында Президент кейбір заңнамалық нормаларға өзгертулер енгізгенін атап өтті.

"Осыған байланысты осы жылдың 10 ақпанынан бастап жүргізушілер өздерімен бірге жүргізуші куәлігі немесе көлікті тіркеу куәлігін бірге алып жүрмесе де болады. Себебі, полиция қызметкерлері бұл құжаттарды электронды планшет арқылы тексере алады", - деді Нұр - Сұлтан қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Бауыржан Тоқжұманов.

Алайда полиция майоры жүргізушілерге жеке басын куәландыратын құжатты алып жүруге кеңес берді.

"Жүргізушілерден жеке басын анықтайтын құжатты алып жүруді сұраймыз. Себебі, оның көмегімен полиция қызметкері электронды планшеттен сіз туралы ақпаратты тексере алады. Мысалы, сіз құжатты оған берген кезде ол электронды планшетке сіздің аты-жөніңізді теріп, жүргізуші куәлігінің қай уақытта берілгенін біледі", - деді Бауыржан Тоқжұманов.

Сонымен қатар, ол бұл талап орындалмаса, жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын атап өтті.

"Жүргізугі жеке басын анықтайтын құжатты бермеген немесе өзімен бірге болмаған жағдайда ол ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 612-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Алғашында жүргізушіге тек ескерту жасалады. Ал құқықбұзушылық қайталанса, оған 5 айлық есептік көрсеткіш (14 585 теңге, 2021 жылы – 1 АЕК (2917 теңге)) көлемінде айыппұл салынады", - деді полиция майоры.

Бауыржан Тоқжұманов заңға енгізілген бұл өзгерістер шетел азаматтарына қолданылмайтынын жеткізді.

"Жаңа талап шетел азаматтарына қатысты емес. Олар өзімен бірге жүргізуші куәлігін немесе көлікті тіркеу куәлігін бірге алып жүруі керек", - деді Нұр - Сұлтан қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу