Қостанайда Volkswagen көлігінің жүргізушісі автобуспен соқтығысып, оқиға орнында қаза тапты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Наша газета" басылымына сілтеме жасап.
Жол апаты 25 қазан күні кешке Н.Назарбаев даңғылы мен Ы.Алтынсарин көшесінің қиылысында болды. Volkswagen Passat маркалы жеңіл көлік № 10 бағыттағы автобуспен соқтығысқан.
– Жеңіл автокөлік жүргізушісі полиция қызметкерлерінің тоқтау туралы талабына бағынбай, қозғалысын жалғастырған. Жол қиылысында ол бағдаршамның тыйым салатын түсіне өтіп кетіп, автобусқа соғылды, – деп мәлімдеді қалалық Полиция басқармасы.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан Volkswagen жүргізушісі қаза тауып, көлікте отырған жолаушы ауруханаға түсті. Автобуста 55 адам болған, олардың екеуіне оқиға орнында медициналық көмек көрсетілді.
Қостанай облыстық жедел жәрдем станциясы 5 адамның ауруханаға жатқызылғанын хабарлады.
Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.