Польшадағы Димаш Құдайбергеннің Фан-клубы алғашқы "поляк-қазақ тілашарын" шығару арқылы мәдени байланыстарды нығайта түсті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Тілашар шығару идеясы "Димаш радиосында" өткізілген қазақ тілі курстары аясында басталды. Радио тыңдармандары осы курстың арқасында Қазақстанға сапар шегу сияқты тақырыптарда негізгі сөздер мен сөз тіркестерін үйренді. Курстар алматылық оқытушы Беглан Шарымбаевтың көмегімен өткізілді. Ол фан-клубқа сабақ өтіп, қазақша дұрыс сөйлеуді меңгеруге көмектесті.
Оқуды жеңілдету үшін поляк тіліндегі қазақ сөздерінің фонетикалық транскрипциясын дайындау – осы оқу процесінің ерекшелігі болды. Уақыт өте келе қатысушылар барлық жинақталған материалдарды біріктіріп, кітап шығаруға шешім қабылдады.
Сөздікті әзірлеуге: қазақ тілі оқытушысы – Беглан Шарымбаев; иллюстратор – Ивона Опара-Стахолец; корректор – Ула Влодарск; қазақ тілі курстарының авторы, сонымен қатар, жүргізушісі – Тереза Конкол қатысты.
Тілашар Димаштың жанкүйерлерін қазақ тілінің негіздерімен таныстырып қана қоймай, әртүрлі иллюстрациялардың арқасында оқу процесін жеңілдетеді. Авторлардың пікірінше, шағын кітап саяхатшылар үшін Қазақстанның көркем жерлерімен танысуға пайдалы нұсқаулық сонымен қатар, Димаштың жанкүйерлерін оның мәдениетін тереңірек зерттеуге шабыттандырады.
"Мен біздің бұл жұмысымызды мақтан тұтамын. Димаштың бұл поляк фан-клубы оның шығармашылығына қолдау көрсетіп қана қоймай, қазақ тілін кеңінен насихаттайтындығының тағы бір дәлелі", – деп бөлісті Тереза Конкол.