ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Семей қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2020-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарын іске асыру және Абайдың 175 жылдығын атап өтуге дайындық жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Семей қаласының әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері және 2025 жылға дейінгі жоспарлар туралы қала әкімі Е. Сәлімов, бірінші қаржы вице-министрі Б. Шолпанқұлов, ұлттық экономика вице-министрі Е. Алпысов, индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Б. Қамалиев баяндады.
2020 жылы Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өту туралы айта отырып, А. Мамин Үкіметтің халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейлерде 500-ден астам іс-шараны қамтитын жоспардың орындалуына ерекше бақылау орнататынын атап өтті.
"Ел Президенті мерейтойды мемлекеттік деңгейде атап өтетінімізді айтты. Абайдың отанына әлемнің түпкір-түпкірінен қонақтар келеді. Сондықтан, біздің басты міндетіміз – барлық жоспарланған шараларды лайықты түрде ұйымдастырып, өткізу", – деді Премьер-Министр.